Қымбатты менің әріптестерім!
Құрметті қазақстандықтар!
Барша нұротандықтар мен «Нұр Отан» партиясы жақтаушыларын оның құрылуының 15 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – кезекті тарихи меже ғана емес, Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының маңызды белесі. Біздің партиямыз – «Нұр Отан» партиясы жауапты саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, әрқашан еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады және олардың орындалуына әрдайым қол жеткізіп отырды.
Еліміздің жетістіктері жүздеген мың партияластардың еңбекқорлығымен, сондай-ақ біздің партиялық бағдарламаларымызды қолдайтын, жалпыұлттық және жергілікті сайлауларда партия кандидаттарына дауыс беретін қазақстандықтардың басым көпшілігінің жоғары сенімімен тығыз байланысты.
Тәуелсіздік жылдарында қоғамымыздың барша қазақстандықтарды біріктіретін және елдің баянды болашағына берік іргетас қалайтын басты құндылықтары қалыптасты. Олар «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының негізіне айналып, «Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасында бекітілді. Партия мен оның барлық жақтастарының күш-жігері оларды әрі қарай нығайтуға бағытталуға тиіс.
«2050 Стратегиясын» жариялай отырып, Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолына қадам басты. Барлық нұротандықтардың басты міндеті – халқымыздың бірлігін бекемдеу, өзінің саяси көшбасшылығын күнделікті істе дәлелдеу, экономиканы, мемлекетті және қоғам өмірінің барлық бағыттарын жаңғыртудың тағдырлы үдерістерінің басында болу.
Партия әрқашан басқарудың тиімді моделінің, жаңаруға дайын болудың, ұтқырлықтың, жан-тәнімен берілудің үлгісі болуға тиіс.
Партия мерейтойында мен бүгін барша әріптестеріме партияның қалыптасуына, оның Отанымыздың өркендеуі жолындағы жұмысына қосқан үлестері үшін шынайы алғысымды білдіремін!
Барлық партия мүшелері мен барша қазақстандықтарға татулық пен бақ-береке және Отанымыз – Қазақстан Республикасының ұлы болашағы жолында барлық игі мақсаттарға қол жеткізулерін тілеймін!