Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді. Заң жобасы Қылмыстық-процестік кодекске, «Жедел-iздестiру қызметi туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Олар тұтастай алғанда: - азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейiн арттыруға және оның жазалау сипатын төмендетуге; - адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға; - қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдетуге және қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз етуге; - сотқа дейiнгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге; - сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға және олардың қайталануын болдырмауға бағытталған.