Отырысқа Мемлекеттік комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА сараптамалық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.Рогов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі, Комиссия төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың Ұлттық жоспарының іске асыру қорытындысы туралы баяндама жасады.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ҚХА жылын өткізу жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға, тұтастай алғанда, қол жеткізілгенін атап көрсетті. Елде шамамен 30 мыңдай іс-шара өткізілді, халықаралық басқосулар форматында шетелдік азаматтық қоғам институттарымен, шетелдегі қазақ диаспораларымен кездесулер ұйымдастырылды.
Бұл ретте мынадай нәтижелерге қол жеткізілді: Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдік қауымдастықта халықаралық үлгі ретінде кеңінен танылды; қазақстандық біртектілік пен бірліктің одан әрі нығаюы мен дамуы қамтамасыз етілді; қоғамдық санада «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары беки түсті; Ассамблея жылы Бес институционалдық реформаны іске асыруды бастау үшін қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етті.
Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының бұл жұмысқа лайықты баға бергенін ерекше атап көрсетті: 3 мыңнан астам адам Ассамблеяның 20 жылдығы мерейтойлық медалімен, 10 мыңға жуық адам Конституцияның 20 жылдығы медалімен марапатталды.
Отырыс соңында Г.Әбдіқалықова Мемлекеттік комиссия мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларына атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдіріп, алдағы кезеңге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.