Кездесуге Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева қатысты.
Мемлекеттік хатшы биыл Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова елдеріміз арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатына тоқталып, екі ел басшыларының тұрақты кездесулері соның дәлелі екенін айтты.
Гүлшара Әбдіқалықова К.Такэмидің Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық байланысты дамытуға зор үлес қосқанын атап өтті. Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы парламентарийлер арасындағы диалогты дамытуға, халықтың қоныстануы мен дамуы жөнінде тәжірибе алмасуға, сондай-ақ репродуктивті тұрғыдағы денсаулық сақтаудың жалпы стратегиясын әзірлеу мен әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған маңызды басқосу болып саналады.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында белгіленгендей, біздің еліміз әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласында дәйекті саясат жүргізіп отырғанын айтты.
– Әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің және дамудың жаңа сапалы деңгейіне шығуымыздың арқасында Қазақстан бүгінде дамуға қол ұшын беру мәселелерін қайта қарап, көмекке аса мұқтаж елдерге, соның ішінде Ауғанстан мен Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттерінің дамуына берілетін жәрдемді арттыру мүмкіндігін қарастыруда. Осыған орай, БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен және Жапонияның сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, «Даму үшін ресми көмек көрсету саласы бойынша Ауғанстанмен ынтымақтастық мәселесіне орай Қазақстанға жәрдемдесу» атты жобалық құжат әзірленді, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның алғаш рет 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметке кіріскенін және Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне биыл бір мезгілде атсалысуы екі елдің серіктестік қатынастарын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумының төрағасы Кейдзо Такэмиге біздің елдегі сапарының табысты болуына тілектес екенін айтып, Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.