Мемлекеттік хатшы АҚШ елшісін тағайындалуымен құттықтап, оның жұмысы елдеріміздің арасындағы жан-жақты әрі жемісті ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Г.Әбдіқалықова Қазақстанда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен бес институционалдық реформаны жүргізу, Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамды» іске асыру жұмыстарының басталғанын атап өтті. Қолға алынған іс-шаралар елді жаңғыртуды және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге және елдің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекет қатарына қосылуына ықпал етуі тиіс.
Кездесу барысында әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың, терроризм мен экстремизмге жол бермеудің, полиэтникалық және көпконфессионалдық құндылықтарды ілгерілетудің, толерантты қоғамның өзекті мәселелері жөнінде сындарлы пікір алмасылды.
Тараптар Қазақстан Президентінің 2010 жылы АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол қойылған Қазақстан мен АҚШ-тың ғылыми-техникалық ынтымақтастығы туралы келісімнің негізінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік танытты.
Бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындары америкалық 30-дан астам білім және ғылым орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағытта бірқатар америкалық жоғары оқу орындарымен – Карнеги-Меллонмен, Дьюк университетімен, Питсбург және Гарвард университеттерімен тиімді қарым-қатынастар орнатқан «Назарбаев университет» акционерлік қоғамына зор маңыз беріліп отыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та 1840 студент білім алды, қазіргі кезде 590-нан астам стипендиат оқуын жалғастыруда.
Екі елдің бірлескен жұмыстары қауіпсіздік пен өңірлік ынтымақтастық, ядролық қаруды таратпау, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты арттыру, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, ЭКСПО-2017, әскери және ғылыми-техникалық ынтымақтастық, құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл сияқты маңызды бағыттар бойынша жүргізілуде.
2014 жылы ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,4 миллиард доллар болды. Қазақстан экономикасына салынған америкалық инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард АҚШ долларынан асты, республикада америкалық капиталдың үлесі бар 470-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың деңгейі жоғары екенін, бұл стратегиялық серіктестіктің рухына толық сай келетінін атап өтті.