Жиында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруға бағытталған 2015-2017 жылдардағы іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарындағы жемқорлыққа қарсы әрекет бағытында қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты күрес жалғаса береді деген сөзіне тоқталды. Мемлекеттік органдардағы үдерістерге, соның ішінде олардың тұрғындармен және бизнес өкілдерімен өзара ықпалдастығына цифрландыру технологияларын енгізу маңызды болып саналады.
– Жалпы алғанда, қабылданған шаралар «Транспаренси Интернешнлдің» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстанның 9 сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді, – деді Мемлекеттік хатшы. Өткен үш жылда әкімшілік кедергілерді айтарлықтай азайтуға, тұрмыстық сипаттағы сыбайлас жемқорлықты бәсеңдетуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға қол жеткізілді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік пен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің баяндамалары тыңдалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бағытында 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша 63 шара атқарылды, соның ішінде 4 жаңа заң, 20 нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, 8 ақпараттық жүйе іске қосылды, сондай-ақ 36 ұйымдастыру іс-шарасы өткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары ескеріле отырып әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бағытында 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілуге ұсынылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысын жандандыру, қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін басшылардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ жемқорлық қатерін азайту үшін цифрлық технологияларды енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.