National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу қорытындылары туралы есебі

2013 жылғы 14 маусым

 

Өз есебінде Білім және ғылым министрі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) биыл оныншы рет өткізіліп отырғанын атап өткен. Осы уақыт ішінде оған 1 миллион 335 мың мектеп бітіруші қатысып, көпшілігі табысты нәтиже көрсетті. 2013 жылы ҰБТ-ға 143 мың мектеп бітірушінің 95 мың 500-і қатысты.

Бұл ретте тестілеудің нәтижелі өткізіліп келе жатқаны атап өтілген. Егер 2012 жылы ҰБТ-ның орташа балы 70,9-ды құраса, биыл ол 74,5 балға жетті (мүмкін болған 125 балдың). Білім деңгейінің айтарлықтай өсуін қазақ тілінде білім алған мектеп түлектері көрсетті, олардың орташа балы 2012 жылы 68,2 болса, биыл 72,8 балға жетті.

Жоғары оқу орындарына түсуге арналған 50 шекті балдық деңгейді қатысушылардың 71,2%-ы жинады, бұл өткен жылмен салыстырғанда жoғapы (63,2%).

Ең үздік көрсеткішке Алматы қаласы (орташа балл 85,8) және Астана қаласының (81,0) мектеп бітіруші түлектері қол жеткізді.

Мектеп түлектері арасында 100 балдан жоғары алғандар саны – 11167 (11,7%), бұл да өткен жылғы нәтижеден жоғары (10756 немесе 9,2%). Ең жоғары 125 балды мектеп бітіруші 7 түлек жинады (олардың саны 2012 жылы үшеу болған).

«Алтын белгіге» лайықты білім деңгейін дәлелдеген үміткерлер үлесі барынша жоғары болды, яғни 4568 үміткердің 1553-і немесе 34%-ы «Алтын белгіге» лайықты екендігін дәлелдеді. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 26%-ды құраған болатын.

Білім және ғылым министрі мұндай динамика оқушыларды даярлау сапасы өскенінің айғағы екенін, оған кешенді түрдегі жүйелі шара арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық деңгейде білім беру сапасын бақылау жүйесінің енгізілуі маңызды рөл атқарды.

Тест тапсырмаларының 50 пайызға жуығын ең үздік педагог-әдістемешілер қарап шығып, үш мәрте сараптамадан өткізді, әлемдік тәжірибе ескеріле отырып, логикалық сипаттағы тапсырмалар енгізілді. Соның нәтижесінде, Білім және ғылым министрі атап өткендей, қазіргі уақытта тестердің олқылықтарына қатысты шағым түскен жоқ, олардың сапасы артты.

Бұған қоса, тестілеуді ұйымдастыру талабы күшейтілді. Жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен іс-қимылы арқасында тестілеу рәсімдерін бұзуға ұмтылу әрекеттерінің дер кезінде жолы кесілді. Ұялы телефондар мен шпаргалкалардан әр түрлі рацияларға дейін 28 мыңға жуық тиым салынған заттар алынды. Тестілеу тапсырмаларының құпиялылығы толық қамтамасыз етілді, өткен жылдардан бір ерекшелігі, жауап нұсқаларының күні бұрын таралып кетуіне жол берілген жоқ.

Нәтижесінде адам факторының ықпалы іс жүзінде мейлінше азайтылды. Жұртшылық арасында жүргізілген сауалнама ҰБТ-ның объективтілігі арта түскенін дәлелдеп отыр.

Есепті қорытындылай келе, Б.Жұмағұлов қол жеткен нәтижелер Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес білім сапасын арттыру жолының дұрыс таңдалғанын дәлелдей түсетінін атап өтті. 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің