National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

«Астана ЭКСПО-2017» архитектуралық жобасы тұжырымдамасының таныстырылымы

2014 жылғы 28 ақпан

 

Көрменің ең үздік жобасына арналған конкурстың жеңімпазы «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» компаниясының Ақордада өткізген таныстырылымы барысында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» Астанада бұрын-соңды өтпеген ірі іс-шараға айналатынын атап өтті.

– Бұл кешен қала келбетін түбегейлі өзгертеді. Мен конкурсқа қатысушылардың «ЭКСПО-2017» негізгі ғимаратына ұсынған 50 жобасының барлығымен танысып шықтым. Содан кейін олардың арасынан үздік 10 жоба іріктелді, оның ішінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» нұсқасын таңдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл компанияның тек құрылыс ғана емес, «жасыл экономика» саласында да мол тәжірибесі бары ескерілді, – деді Қазақстан Президенті. 

Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз компанияның жобасы «жасыл» энергетика саласында үлгі болатынын және алдағы құрылыстың осы тәжірибеге негізделетін айтты.

– Бір мезгілде күн, жел энергиясын, сондай-ақ қоқысты қайта өңдеуден алынған энергияны өндіретін көрме кешені Қазақстан үшін және бүкіл өңір үшін жақсы үлгі болады. Іс жүзінде мұндай ауқымды кешен өзін-өзі электр энергиясымен қамтамасыз етеді, ал күн мен жел қуаты артқан кезде оны қалалық жүйеге беретін боламыз. Бұл – бірегей жоба, біз мұны бірінші рет жүзеге асырмақпыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» көрмесінің барлық орынжайы көрмені өткізгеннен кейін халықтың игілігіне пайдалануға тиіс екеніне тағы да назар аударды.

– Біз Назарбаев Университеті жағынан үсті толықтай жабық, ұзындығы 500 метр көше салу туралы уағдаласудамыз. Адамдар онда қыста да, жазда да емін-еркін серуендейтін болады. Ғимараттың бірінші қабатында сауда кешендері, қалған үш қабатында қонақ үйлер, сәулетті үй-жайлар мен кеңселер болады. Мен үсті жабық қала туралы бұған дейін де айтқанмын, сол ойым енді жүзеге асуда. Бұған қоса онда өтетін түрлі іс-шараларды үш мыңнан астам адам тамашалай алатын, көрермендерге арналған аумағы үлкен ашық алаңдар, сондай-ақ үш мың адамға лайықталған Конгресс-холл болады. Осының бәрі Астана мен Қазақстан тұрғындарының игілігіне айналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» архитектуралық компаниясының құрылтайшысы Э.Смит «ЭКСПО-2017» кешені үшін баламалы энергияның негізгі көзі күн энергиясы екенін хабарлады.

– Біздің жобамызға сәйкес, ғимараттың дизайны, оның контурлары, энергия үнемдейтін материалдар мен панельдер есебінен энергияның 48%-ы үнемделеді. Шын мәнінде, бұл ғимарат энергетикалық жағынан толығымен тиімді болады. Жалпы, біз үшін бұл – ерекше жоба, өйткені компаниямыздың философиясы соған негізделген. Біз энергияны өзі өндіретін, энергиялық жағынан тиімді және энергиялық тұрғыда орнықты ғимарат тұрғызғымыз келеді, бұл энергия көздерінен тасымалдауда электр шығынын болдырмайды, – деді Э.Смит.

Компанияның құрылтайшысы сфера түрінде жобаланған негізгі ғимарат «Астана ЭКСПО-2017» кешеніндегі ең басты ғимаратқа айналатынын және оған ең озық технологиялар мен материалдар пайдаланылатынын атап өтті.

– Сфера құрылысында ғимаратты сыртқы температура мен дыбыстан қорғайтын қос қабатты, жоғары технологиялық берік әйнек қолданылады. Мұндай технология Сеулдегі федеративтік ғимаратты жобалау кезінде қолданылды. Біз іс жүзінде жобадағыдан да әдемі әрі жақсырақ болуы үшін ұсақ-түйекке дейін көңіл бөлетін боламыз. Бұл кешен «жасыл технологияларды» пайдаланылуға негізделген үлгілі жобаға айналады деп ойлаймыз, – деді Э.Смит.

Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Э.Смиттің бұл салада 45 жылдан астам уақыт жұмыс істейтінін айтты. Осы уақыт ішінде ол әлемдегі ең биік 12 ғимараттың бесеуінің, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Бурдж Халифа» және Сауд Арабиясындағы «Кингдом Тауэрс» жобаларын жасаған.

Соңында Мемлекет басшысы көрме нысандары құрылысының мерзімі мен сапасына бақылау жасайтын инжинирингтік компания қазірдің өзінде таңдап алынғанына тоқталды. 

– Жобаның ұсынылған тұжырымдамасын жалпы мақұлдауға болады. Таңдап алынған сфераны Астана қаласының бас жоспарымен үйлестіру қажет. 2017 жылға дейін аз уақыт қалды, енді жұмысты бастаған жөн. Жобалаушылар құрылыстың барлық кезеңіне қатысады деп үміттенемін және тиісті технология мен мамандар тартылады деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей, құрылыс тоқтап қалмас үшін сәулетшілер мен құрылысшылардың ұдайы әрі жедел өзара іс-қимылы қажет. Мұндай жобаны іске асыру – еліміз үшін зор жауапкершілік, себебі біз келетін екі миллион адамды қабылдап қана қоймай, құрылыста жоғары технологияның қолданылуын көрсететін боламыз. Көрме кешені қаланың танымалдығын арттырады. Кейін оның қала тұрғындары мен елорда қонақтарының демалып, көңіл көтеретін сүйікті орнына айналуы да маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.                            


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің