Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық адами капиталдың сапасы әлемдік экономика өсімінің басты факторына айналып отыр. Жаңа заман адамдарының дайындық деңгейі – ұлттық экономика мен мемлекет дамуының шешуші ресурсы» деген сөзінің өзектілігіне назар аударды.
Гүлшара Әбдіқалықова биыл 25 жылдығын атап өтетін «Болашақ» бағдарламасы жоғары білікті мамандар дайындау ісіне маңызды үлес қосып келе жатқанын, осы уақыт ішінде 13 мыңға жуық стипендия бөлініп, 10 мыңнан астам білікті кадрлар даярланғанын және олардың ел экономикасының түрлі салаларында жұмыс істеп жүргенін атап өтті.
«Болашақ» бағдарламасының тиімділігін бағалау мақсатымен Назарбаев Университетінің бір топ ғалымдары бағдарламаға эконометриялық сараптама жүргізді. Осы зерттеу жұмысы салынған инвестицияның материалдық және материалдық емес игілігін қамтамасыз ету ісінде «Болашақ» стипендиясының тиімді екенін көрсетті. Ел экономикасының барлық секторлары үшін жоғары сыныпты мамандар дайындалды. Мәселен, бағдарламаның кардиохирургия саласының түлектері 32 мыңнан аса тегін ота жасады. Бір отаның орташа бағасы 300 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін жетеді.
Басқосуда Білім және ғылым министрлігі Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімдеді.
Комиссия шешімімен магистратурада, докторантурада оқуға, сонымен қатар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 128 үміткерге стипендия тағайындалды.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.