National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын, Ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлықты, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын тапсыру рәсімі

2013 жылғы 13 желтоқсан

 

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде  баршаны еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік Күнімен құттықтады. 

– Осынау маңызды күн қарсаңында, қалыптасқан дәстүр бойынша, біз өз еңбектерімен ерекшеленген азаматтарды марапаттау рәсімін өткіземіз. Бұл дәстүрдің мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік наградаларға еліміздің дамуына елеулі үлесін қосқандар ие болады. Демек, бұл – жекелеген азаматтардың емес, бүкіл халықтың еңбегінің бағалануы, – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен тыныштықты өзінің ең басты байлығы санайтын еліміз үшін Парламент Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын бекіткенін атап өтті.

– Биылғы жылы құрметті награда біздің белгілі отандасымыз, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовке беріледі. Ол еліміздің мәдени-рухани дамуына, халықаралық ынтымақтастыққа зор үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің барлық кезеңінде ол халық бірлігін қолдады, шетелдерде қызмет атқара жүріп Қазақстандағы келісімнің үлгісі жайлы айтты. Олжас Сүлейменовтің басқаруымен «Невада-Семей» қозғалысы ядролық полигонды жабу ісіне маңызды үлес қосты, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті бүгін тағы бірқатар азаматтарға Ғылым және техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлық тапсырылатынын айтты.   

– Марапаттау – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге өз үлесін қосқан ғалымдар қызметін лайықты бағалау. Наградаға әлемдік деңгейдегі математикалық проблемалар шешімін ұсынған Тынысбек Кәлменовтің еңбегі лайық деп танылды. Сондай-ақ, мемлекеттік сыйлық қазіргі медицинаға озық технологияларды енгізген Серік Ақшолақов бастаған Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының ғалымдар тобына беріледі. Олар денсаулық саласын дамытудың және кәсіби шеберліктерін арттырудың арқасында көптеген азаматтың өмірін арашалап қалды. Сонымен қатар,   картографиялау саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізген бір топ географ ғалымдар марапатталады. Олардың еңбегінің арқасында еліміздің тамаша атлас карталары жасалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рәсім соңында Мемлекет басшысы лауреаттарға сөзін арнай отырып, оларды наградаларымен тағы да құттықтап, елімізді дамыту жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғысын айтты және бұдан кейінгі жұмыстарына жеміс тіледі.

– Мен қазір лауреаттардың тек бір тобына ғана награда тапсырдым, ал бүкіл еліміз бойынша жоғары атаққа лайықты басқа да азаматтар менің атымнан марапатталатын болады. Сіздермен бірге барлығын лайықты еңбегі арқылы алған мемлекеттік наградаларымен және сыйлықтарымен құттықтаймын. Бүгінгі күні ел алдындағы қызметі мен қажырлы еңбегі үшін бүкіл республика бойынша бір жарым мыңнан астам қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды. Қазақстанның тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде қол жеткізген барлық табыстары мен жетістіктеріне барша қазақстандықтардың қызметі арқылы қол жеткізіліп отыр, өйткені әркім өзінің жұмысы саласында республиканы дамытуға мысқалдай болса да үлесін қосты. Біздегі ішкі тұрақтылық, төзімділік, түсініктік пен достық елімізді дамыту үшін жаhандық және мызғымас мәнге ие. Сондықтан біз ең үздік деген қазақстандықтардың еңбегін бағаладық деп ойлаймын. Сіздер Отанымыздың – Қазақстан Республикасының даңқын шығара отырып, басқаларға үлгі көрсетесіздер деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.          

***

О.Сүлейменов Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты атанды. 

Ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Математика және математикалық модельдеу институты» РМК бас директоры Т.Кәлменовке, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ География институты, сондай-ақ «Қазморгеофизика» АҚ ғылыми қызметкерлері тобына тапсырылды.

Сондай-ақ, рәсім барысында республика алдындағы зор еңбектері үшін мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.   


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің