Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларына қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары жөнінде пікір алмасылды.
Мемлекеттік хатшы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммитінің барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанын атап өтті. Онда дүние жүзін ядролық қатерден құтқару, орнықты әлем географиясын кеңейту, әскери блоктарды жою және әлемдік дамудың түбегейлі жаңа парадигмаларын әзірлеу жөніндегі нақты ұсыныстар баяндалған. Манифест БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжатына айналды.
Г.Әбдіқалықова Орталық Азия елдері және АҚШ сыртқы саяси ведомстваларының басшылары деңгейіндегі «С5+1» форматындағы диалогты Қазақстанның қуаттайтынын атап көрсетті. Бұл бастама өңіріміздің жаһандық экономикалық үдерістерге кірігуі жолындағы Орталық Азия мемлекеттері және АҚШ арасында ынтымақтастықтың өзара тиімді дамуына жағдай жасауға тиіс.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті ұсынған Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары жаңа институционалдық орта қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова елімізде іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары жөнінде хабардар етті.
Сонымен қатар, Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылатынын атап өтті және Қазақстан тарапының Америка инвестициялық қорлары мен корпорацияларын тартуға мүдделі екенін айтты.
Г.Әбдіқалықова С.Сьюэллге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне 2017-2018 жылдарға Қазақстан Республикасының кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.
Бұған қоса, Мемлекеттік хатшы мәртебелі мейман ретінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарын, сондай-ақ АҚШ компанияларын «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына, тиісінше көрме жұмысына қатысуға шақырды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарына денсаулық және қызметіне табыс тіледі.