Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова елдеріміз арасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Барлық деңгейдегі, соның ішінде жоғары сатыдағы ынтымақтастықтың кеңеюі осыны айғақтайды.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова 2016 жылғы тамызда Қазақстан мен Сербия басшыларының қатысуымен Белград қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіштің ашылуы Қазақстан халқының зор ризашылығын тудырғанына назар аударды.
Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі даму қарқынына қанағаттанушылық білдірді. Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы 2016 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 23,4 млн АҚШ долларына жетті. Бүгінде Қазақстанда көтерме және бөлшек сауда, тұрғын үйлер мен тұруға арналмаған ғимараттар құрылысы салаларында Сербия капиталының үлесі бар 10-нан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы елші В.Мирковичке Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық тығыз, өзара сенімге негізделген серіктестік орнатуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдіріп, денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.