Әңгіме барысында Мемлекеттік хатшы құқық қорғаушы Т.Карманды әйел құқықтарын қорғау мен оны кеңейту саласындағы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен таныстырды. Г.Әбдіқалықова Қазақстанның жеткен табыстары Дүниежүзілік экономикалық форумның сараптама тобы 2012 жылы қазанда жариялаған ер мен әйелдің құқық теңдігі рейтингісінде нақтыланғанын, онда біздің ел 135 мемлекет ішінен 32 орынды иеленгенін атап өтті. Мемлекеттік хатшы Т.Карманның 2011 жылы Нобель сыйлығына лайық деп танылған «әйелдер қауіпсіздігі үшін зорлықсыз күрес және бейбітшілік орнатуға әйелдердің қатысу құқығы» жолындағы еңбегін жоғары бағалады. Кездесу қорытындысында Г.Әбдіқалықова Т.Карманның құқық қорғау саласындағы жұмысына табыс тілеп, Йеменде тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына ниеттестігін білдірді.