Тараптар Қазақстан-Болгария қарым-қатынасын дамытудың қазіргі ахуалы мен өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Болгария тарапына Қазақстанның негізгі бастамаларын, оның ішінде ДСҰ-ға мүшелігін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігін, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу, сондай-ақ ЕО елдеріне қысқа мерзімді сапарлар үшін визасыз режім енгізу бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Г.Әбдіқалықова Болгария Қазақстанның Қара теңіз өңірі мен Балқан түбегіндегі негізгі серіктесінің бірі екенін атап өтті. 2015 жылы елдер арасындағы тауар айналымының көлемі 112,9 млн доллар болды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Еуразиялық көлік орталығы ретінде құруды көздеп отырған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Алдағы 5 жылда оның жүзеге асырылуына 24 млрд доллар бөлініп, көліктік жобалар, оның ішінде ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто жолы жобасы жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік хатшы Болгария тарапын осы жобаларға қатысуға шақырды.
Әңгімелесу барысында Мемлекеттік хатшы алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы айтып, болгар компанияларын сол іс-шара аясында технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Г.Әбдіқалықова Қазақстан-Болгария қарым-қатынасының маңызды бөлігі ретінде мәдени-гуманитарлық салаға назар аударды. Қазақстанда болгар мәдениетін дамыту мақсатымен Болгар этномәдени орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік хатшы София университетінде қазақ тілін және Қазақстан тарихы және мәдениетін зерттеуге арналған кабинет ашқаны үшін болгар тарапына ризашылық білдірді.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Болгария Республикасының вице-президенті М.Поповаға «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» халықаралық конференциясына қатысқаны және Қазақстан мен Болгария арасындағы диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.