National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды

2015 жылғы 20 ақпан

 

Сапар аясында Г.Әбдіқалықова білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын аралап, этномәдени бірлестіктердің және өңірдегі әйелдер қауымы өкілдерімен кездесті.

Мемлекеттік хатшы Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында облыстың этномәдени бірлестіктер өкілдерімен өткізген кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылын өткізудің қоғамдық-саяси мәні жоғары екенін айтты. Г.Әбдіқалықова барлық іс-шаралар «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты басты идеяны, бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен халықтың бірлігін нығайтуға бағытталуға тиістігін атап көрсетті.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов 2014 жылғы жұмыстың негізгі қорытындылары мен Оңтүстік Қазақстан облысы Ассамблеясының жұмыс жоспарлары туралы және өңірде ҚХА жылын өткізу жөнінде баяндады.

Сондай-ақ «ҚХА – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы аясында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, облыс Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі А.Қалыбекованың «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» және «Қазақ халық педагогикасының теориялық негіздері» атты кітаптарын Орталықтың депозитарийіне тапсыру рәсімі өтті.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары аясында 270 орынға арналған Шымкент қалалық балалар ауруханасын салтанатты жағдайда ашып, жаңа мекеменің медицина қызметкерлеріне балаларды сауықтыру ісінде табысқа жетуге тілектестік білдірді. Бұл ауруханада 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншек жыл бойы стационарлық ем алады.

Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова апатты жағдай себептеріне байланысты қайта қалыпқа келтіріліп, 2014 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған  Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясына барды. Мектепте жоғары санаттағы 47 педагог, оның ішінде 2 педагогика ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспозицияларды аралап көрді.

Сапар соңында Г.Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облысының әйелдер қауымы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында отбасылық-демографиялық саясатты дамыту мәселелері, «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатты жүргізуге әйелдердің белсене араласуы, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды.

Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарының қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің