Басқосуда сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Адам бойындағы қасиеттер отбасында айқындалып, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзіне тоқталды.
Гүлшара Әбдіқалықова конкурсқа қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 2952 отбасы қатысқан, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп.
Конкурстың бес жылдық тарихында оған 11 993 отбасы қатысты, соның 60 пайызы (7172 отбасы) ауылдан келгендер, оның ішінде 37 пайызы (4489) көп балалы отбасылар, 18 пайызы (2129) жас отбасылар, 18 пайызы (2117) бір мамандықты кәсіп еткен әулеттердің өкілдері.
Конкурс аудандық, өңірлік және ұлттық деңгейде үш кезең бойынша өтеді. Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы, үлкендерге деген құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруы назарға алынады.
Биылғы мамыр айында барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шаралар мен салтанатты рәсімдер өткізіліп, әр өңірден 2 отбасы ақтық кезеңге қатысатыны белгілі болды.
Комиссия мүшелері конкурстың ұлттық кезеңіне қатысатын 16 үміткерді анықтады. Қазақстандықтар «Мерейлі отбасы» конкурсының ақтық кезеңінде жеңімпазды анықтауға kaztube.kz сайты және SМS-хабарламалармен дауыс беру арқылы қатыса алады.
Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін Отбасы күні қарсаңында шығарылады.