National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

2018 жылғы 26 қыркүйек

Басқосуда жер қатынастары саласында заңдылықты сақтау мәселелері,  сондай-ақ білім беру ісінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінің баяндамалары тыңдалды.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанда мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы ретінде қарастырылатынын айтты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған қаңтардағы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыру қажеттігін бекер атап өткен жоқ.

Жер қатынастары сыбайлас жемқорлық белең алған саланың бірі болып саналатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Тек соңғы екі жарым жыл ішінде бұл сала бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 457 қылмысты тіркеген. 78 адам сотталды. Прокурорлық тексеріс нәтижесі бойынша, жер қатынастарын реттейтін заңнаманы бұзғаны үшін 342 адам түрлі жауапкершіліке тартылды, соның ішінде 25 қызметші мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін жауапты болды. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдардың назары жер туралы заңнаманы, жеке баспана құрылысы үшін жер телімдерін беру кезіндегі кезектілік тәртібін және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін сақтау, коммерциялық жерлерді аукционсыз иеленуге жол бермеу қажеттігіне аударылды.  

Мемлекеттік хатшы білім беру ісін қаржыландыруға мемлекеттен мол қаржы бөлініп отырғанына тоқталды. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері бұл салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты 510 қылмыс тіркеліп, 178 адам сотталған. Әлеуметтік сауалнамалар жоғары оқу орындарындағы білім беру ісінде, мектепке дейінгі мекемелердегі балаларға орын бөлу барысында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Талқылау нәтижесі бойынша Комиссия өкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзушылықтарға қатысты талдау жүргізу және қылмыстың алдын алатын тиісті тетіктер әзірлеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Соңында Г.Әбдіқалықова елімізде сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет қалыптастыру үшін жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты міндеттеріне қол жеткізуге бағытталуы керек екенін айтты. Бұл – жедел әрі сапалы экономикалық өсім және халықтың әл-ауқатын арттыру. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің