Мемлекеттік хатшы отырысты ашып, Қазақстан Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «сананың ашықтығын» басты басымдықтардың бірі ретінде айқындап бергенін атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» бағдарламасы сананың ашықтығын арттыруға септігін тигізетінін айтты.
– Өскелең ұрпақ әлемнің үздік жетістіктеріне ашық әрі бейім болуға тиіс. Президенттік стипендия Қазақстанның қазіргі жастарына білім өрісін кеңейтуге, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға, үздік тәжірибелік машықтарды игеруге мүмкіндік береді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Отырыс барысында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Комиссия шешімімен магистратурада және докторантурада оқуға, сонымен қатар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 80 үміткерге стипендия тағайындалды.
Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылап, «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру және тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.