Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Президентіне Қазақстанға жасаған сапары үшін ризашылығын білдірді және екіжақты қатынастар үшін бұл оқиғаның маңызы зор екенін атап өтті.
- Мемлекет басшылары деңгейіндегі сапарлардың арқасында, біздің елдеріміз арасындағы серіктестік қосымша серпін алып, жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымын арттыру үшін әлеуетіміз бар. Барлық қол қойылған құжаттар біздің елдеріміз үшін стратегиялық мәнге ие. Мұнайгаз саласындағы, Вьетнамдағы титан кен орнын игерудегі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және өзге салалардағы бірлескен ынтымақтастық маңызды саналады. Вьетнамның АӨСШК аясындағы қызметіне қанағаттанушылық сезімімді білдіргім келеді, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы мемлекетаралық серіктестік пен халықаралық күн тәртібіндегі түрлі мәселелер бойынша жүргізілген келіссөздер сенім мен өзара түсіністік жағдайында өткенін атап өтті.
- Сапар өте нәтижелі болды және біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастардың барлық маңызды қырларын қозғады деп санаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, Чыонг Тан Шанг Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына сапар барысында вьетнамдық делегацияға көрсеткен жылы шырайлы қабылдаулары үшін алғысын жеткізді.
- Өздеріңіз білетіндей, Вьетнам мен Қазақстанды дәстүрлі достық өзара қарым-қатынастар байланыстырады. Вьетнам халқы мемлекет құрылысы мен ел қорғау ісінде Қазақстанның Вьетнамға көрсеткен зор көмегін әрдайым есте сақтайды. Менің Қазақстан Президентімен жүргізген келіссөздерім табысты, өзара түсіністік жағдайда өтті. Біз екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы пікір алмастық және екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйіне баға бердік. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуда біз Вьетнамның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында белгіленген міндеттерді іске асыруға себепші боламыз. Біздің мемлекеттеріміз арасындағы саяси ынтымақтастық ұдайы дамып және нығайып келеді. Ол біздің серіктестігімізді одан әрі тереңдету және өзара түсіністікті жақсарту үшін берік негіз қалайтын болады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық оң сипат алып келеді, алайда ол әзірше біздің талабымызға сәйкес келмейді. Сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңызды бағыты - Кеден одағы мен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы тездетіп келісім жасасу, сондай-ақ мұнайгаз саласындағы ынтымақтастықты арттыру. Сонымен бірге, біз білім, ғылым, технологиялар мен коммуникациялар, сондай-ақ өзге салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде шаралар белгіледік, - деді Ч.Тан Шанг.
Вьетнам Президенті Қазақстанмен серіктестік қатынастарды одан әрі жалғастыру туралы шешімге келгендіктерін айтты. Сондай-ақ Ч.Тан Шанг қол қойылған құжаттар өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға және екі елдің құқықтық базасын жетілдіруге мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ карантин және өсімдікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, авиақатынасты ашу туралы екіжақты үкіметаралық құжаттарға, сондай-ақ Астана мен Ханой қалалары арасындағы туыстық қатынастарды орнату туралы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Вьетнам Мемлекеттік Банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сапар аясында Қазақстанда Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізу жоспарланған. Бұл іс-шара Қазақстан мен Въетнам дипломатиялық қатынастарының орнағанына 20 жылдығына орай, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы маңызды оқиға болып саналады.