Г.Марченко Қазақстан Президентіне елдің банк жүйесінің жай-күйі мен валюталық нарықтағы жағдайы туралы баяндады. Кездесу барысында экономиканы несиелендірудің орта мерзімді жүйесін дамыту келешегі және зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары мен шетелдік инвесторлар есебінен оны қорландыру мүмкіндіктері талқыланды. Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде жүргізілген жұмыстар және Қазақстан Республикасының қаржы тұрақтылығы мен қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңесте осы мәселелердің қаралуы туралы хабардар етті. Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетіктерін одан әрі жаңғырту, сондай-ақ елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің, зейнетақы қорлары мен өзге қаржы институттарының қаражатын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тапсырма берді.