А.Мамин компанияның 2016 жылға қарай Қазақстанның өңірлік көлік-логистика хабы ретінде қалыптасуына бағытталған қызметі жөнінде хабардар етті.
Мемлекет басшысы 2014 жылы пайдалануға беру жоспарланған Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл жаңа теміржол желілерін іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Олар Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздерін үйлестіруді оңтайландырып, Достық – Ақтау бағытындағы арақашықтықты 748 шақырымға қысқартуға тиіс.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» ауқымды бағдарламасын іске асыру туралы айтты, оның аясында транзит әлеуетін арттыруға, ішкі және шетелдік көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі уақытта Қазақстан арқылы Еуропа-Азия бағыты бойынша контейнерлік 14 шаттл-пойыз тұрақты түрде жүріп тұрады. 2014 жылдың басында Қытай – Орталық Азия және Қытай – Еуропа бағыттары бойынша тағы 3 контейнерлік пойыз ұйымдастыру жоспарлануда.
А.Мамин екі жылда Қазақстанда жекеменшік сектордың қатысуымен көлік-логистика орталықтарының желісі толық қалыптастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, 2014 жылы солтүстік бағыттағы Ақтау теңіз портын дамыту жобасы аяқталады.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.