National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанына 25 толуына және Полиция күніне орай осы саланың қызметкерлерімен кездесті

2017 жылғы 23 маусым

Елбасы жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, дәл осы күні ширек ғасыр бұрын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанын атап өтті.

– Бұл Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінің айтулы қадамы болды. Ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы мемлекетіміздің даму тарихымен тығыз байланысты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан полициясында жанкештілік пен ерлік үлгілерін көрсеткендер аз емес екенін айтты.

– Олар қылмыспен күресте алдыңғылардың қатарынан табылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бірінші болып қорғайды. Соңғы жылдары қызметтеріңіздің нәтижелері айқын көрінуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс жасау 15 пайыздан аса азайған. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші 72 пайызға жетті. Қала мен ауыл көшелеріндегі тұрғындардың қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артты. Онда қылмыс жасау 14 пайыздан аса азайды, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы жаһандық тұрақсыздық жағдайында билік өкілдері – полицияға деген сенім ерекше маңызға ие болып отырғанына назар аударды.

– Сіздер қызметтік парызды мүлтіксіз атқарғанда ғана қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы жүзеге асады. Сондықтан біз қазір қабылданған бағдарламалардың аясында құрылымдарды қайта құру жөнінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде жергілікті полиция қызметі құрылды. Заңдылықтың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет. Бұл – еліміздің орнықты әрі тұрақты дамуының басты факторының бірі. Сондай-ақ, заманауи тұрғыда тиімді полиция қызметі мемлекет пен халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тиігізеді, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жоғарыда көрсетілген стратегиялық міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз ету үшін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылданғанын айтты.

– Жұрт сіздерге қарап, мемлекеттік билік туралы пікір қалыптастырады. Сол себепті, полиция қызметкері баршаға үлгі болуға тиіс. Қазақстан полицейлері алдағы уақытта да бар күшін, тәжірибесі мен қуатын абыройлы парызды сәтті орындауға жұмсайтынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде Ішкі істер министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшесінің инспекторы Б.Дүйсеновті І дәрежелі «Айбын» орденімен, Павлодар облысы Ішкі істер департаментінің Шарбақты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ж.Мұқатовты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қ.Саховты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі В.Шутьконы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Ішкі істер минстрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі А.Ғалиевті «Ерлігі үшін» медалімен, Алматы облысы Ішкі істер департаментінің жедел-криминалистік басқармасының бастығы Л.Кимді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Ақтөбе қаласы Ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы С.Балтамбекова, Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы Е.Жолдасов және Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасы арнаулы мекемесінің полицейі Н.Редченко марапатталды.

Соңында Қазақстан Президенті кездесуге қатысушыларға алғыс айтып, зор денсаулық, бақ-береке және жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің