Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақты дамыту, бірлестіктің үшінші елдермен экономикалық қарым-қатынастар аясын кеңейту мәселелері, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше елдердің жаһандық нарықтарда қалыптасқан ахуал жағдайындағы ортақ іс-қимыл стратегиясы талқыланды.
Мемлекет басшысы Т.Саркисянның ЕЭК Алқасындағы төрағалығы әлемдік экономикадағы күрделі кезеңге тап келгенін, мұндай жағдайда өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табу оңай еместігін айтты.
Алайда бұл кедергілердің бәрі Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысымен байланысты емес. Біздің интеграциялық бірлестігіміздің түпкі нәтижесінде пайдалы болатынына менің еш күмәнім жоқ. Оның үстіне бүгінде көптеген елдер ЕАЭО-ға мүше болуға немесе онымен ортақ еркін сауда аймағын құруға тілек білдіріп отыр. Дағдарыс – уақытша құбылыс, ал біздің экономикаларымыздың жалпы әлеуеті мен нарықтың көлемі қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті интеграциялық бірлестікке мүше болу мүмкіндіктерді пайдалануды ғана емес, оның дамуына үлес қосу қажеттігін де білдіретінін айтты.
Т.Саркисян Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО-ның жалпы даму стратегиясы бойынша ұстанымы елеулі мәнге ие екенін, өйткені Қазақстан Президентінің бастамасы мен идеялары осы бірыңғай еуразиялық кеңістіктің негізі болғанын атап өтті.
ЕЭК Алқасының төрағасы интеграциялық үдерістерге Қазақстан басшылық жасайтын жылы даму тың серпін алатынына сенім білдірді.
Т.Саркисян ЕАЭО органдарына Қазақстан Президентінің Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына арналған үндеуін егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылғанын, сондағы негізгі жайттарды жүзеге асыру үшін тиісті жоспар құрылғанын айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына ЕЭК Алқасының қазіргі қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндалды.