Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндалды. Қазақстан Президенті жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында экономиканы ауқымды түрде цифрландырудың өзектілігін атап өтті. – Бүгінде бұл мәселе алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлем осы бағытқа қарай жылжуда. Біз де қалмауға тиіспіз. Бұл – аса күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және өңірлер үйлесімді жұмыс жүргізуі керек, – деді Елбасы. Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада көзделген төрт басым бағыт жөнінде айтты. – Біз қазір бағдарлама жобасын барлық мүдделі тараппен бірге талқыладық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты қарастырылады. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, – деді Д.Абаев. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.