Кездесуге Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қатысты.
Әңгімелесу барысында тараптар Астана алаңы форматында Сириядағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің нәтижелері мен перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы Астана процесі арқылы оқ атпау жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
– Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр. Ұрыс қимылдары салдарынан 400 мың адам, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттар қаза тапты. Бұл қақтығыс бүкіл өңірде қолайсыз ахуал туғызды. Дегенмен, Астана процесі Сириядағы соғыс пен қантөгісті тезірек тоқтатуға деген үмітті ұялатты. Астана келіссөздері Женева процесін жандандырды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірде бітімгершілік орнату жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын Қазақстанның қолдағанын айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанада келіссөз алаңын ұсынғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Сириядағы қақтығысты шешу жолдарын іздестірудің маңыздылығын атап өтті.
– Шығыс Гутада соңғы екі күнде 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын осы аумақтан шығуға мүмкіндік алды. Біз қазір Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, оларды уақытша қоныстанған жерінен өз үйлеріне оралғанға дейін қажетті заттармен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатырмыз, – деді Ресей Сыртқы істер министрі.
С.Лавров Астана келіссөздері Сириядағы қақтығысты реттеу жолдарын іздестіруге септігін тигізгенін атап өтті.
– Астана барша жұрт мойындаған процеске бастамашылық етті. Ең бастысы, Астанадағы келіссөздер Сирия қақтығысы аясында барлық бағыттағы күш-жігерді жұмылдыра білді. Бұл дегеніміз – терроризмге қарсы күрес жүргізу, деэскалация аймақтарын құру. Ұрыс қимылдарын тоқтату режімі зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл гуманитарлық мәселелерді тиімдірек шешу деген сөз, – деді Ресей Сыртқы істер министрі.
Сергей Лавров келіссөздердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталып, Астана алаңының қолайлы саяси ахуал қалыптастыру ісіндегі маңыздылығын айтты.
– Жанжалдасушы тараптарды бітістіруге бағытталған Астананың берік ұстанымы және келісімге келу жолдарын табуды көздейтін Қазақстанның сыртқы саясаты бізге тиімді жұмыс істеуге септігін тигізуде, – деді Ресейдің Сыртқы істер министрі.
Түркияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы М.Чавушоғлы Астана процесінің тиімділігіне тоқталып, келіссөз жүргізудің осы форматын қолдайтынын атап өтті.
– Астанадағы келіссөздердің басталғанына да бір жылдан асты. Біз осы процесс барысында үлкен жетістіктерге жетіп, алға жылжи алдық. Кеше Астанада сенім шаралары жөніндегі жұмыс тобы бірінші рет кездесу өткізді. Онда кепілге алынғандар мен тұтқындарды өзара алмасу мәселесі қарастырылды. Астана алаңына тән осындай қарқынды сақтап қалғымыз келеді. Біз бұл процесті ілгерілетуге тың серпін бере алдық, – деді Түркияның Сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар М.Чавушоғлы Сириядағы қақтығыстың саяси шешімін іздеу қажеттігін айтты.
Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф Шығыс Гутадағы проблемалардың бар екеніне қарамастан, тараптар Сириядағы қақтығыс пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендеткенін атап өтті.
– Шығыс Гутада жағдайдың ушыққанына қарамастан, кейбір гуманитарлық мәселелерді шеше отырып, ахуалды біршама жұмсарттық. Сириядағы бейбіт тұрғындар қорғауға алынды. Біз кеше тараптар арасында сенім шараларын нығайту жөніндегі жұмыстарды бастадық, – деді Иранның Сыртқы істер министрі.
Мохаммад Джавад Зариф Сириядағы дағдарысты реттеудің саяси жолдары мен ұстанымдарын қалыптастыру ісінде Астана алаңының маңызы ерекше екенін атап өтті.