Мемлекет басшысы биыл еліміздің сыртқы саясат саласы үшін мерейлі меже болып саналатынын, осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның дипломатиялық қызметін құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің басқа мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі тәжірибеміз де, өзіміздің дипломатиялық қызметіміз де болған жоқ. Дипломатиялық кадрлардың тапшылығы ерекше байқалды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл проблемалар республикадағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен тұспа-тұс келгенін айтты.
– Қысқа уақыт ішінде дипломатиялық корпус құрып, өз елшілерімізді шет елдерге жіберуге мүмкіндік алдық. Міне, ширек ғасырдан кейін еліміздің сыртқы саясаты толық қалыптасты деп айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті егемендігіміздің алғашқы жылдарында елімізде аумақтық тұтастығымыз бен ұлттық тәуелсіздігімізді сақтап, қауіпсіздігіміздің берік кепілін қалыптастыра алғанымызды атап өтті.
– Қазіргі кезде Астана халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып саналады және әлемдегі стратегиялық тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету ісіне зор үлес қосып келеді, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірлік экономикалық интеграция мен кооперация аясында түрлі жобаның бастамашысы болып саналатынын айтты.
– Жалпы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан көпвекторлы сыртқы саясат пен еліміздің халықаралық бастамалары әлемде кең қолдауға және танымалдылыққа ие болды, – деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.