Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жандандыру, саяси және экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 24 жыл толғанын айтты.
– Биыл Словакия Еуропалық одаққа төрағалық етіп, Братиславада одақтың саммитін өткізді. Бұл Словакия Республикасының Еуроодақ құрамында қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті республикамыздың тауар айналымының жартысына жуығын қамтитын ЕО-мен арадағы ауқымды экономикалық байланыстарға тоқталып өтті.
– Біз Еуропалық одақпен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойдық және оны сіздер қолдайды деп үміттенеміз. Осы құжаттың ратификацияланғаны үшін алғыс білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екіжақты байланыстарды жандандыру қажеттігін айтып өтті.
– Бүгінде Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама іске асырылып, өңдеу саласын дамыту үшін экономика әртараптандырылып, жекешелендіру жүргізілуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Мемлекет басшысын Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен және республиканың осы уақыт ішінде жеткен жетістіктерімен құттықтады.
– Елдегі саяси тұрақтылықтың, экономикалық және әлеуметтік дамудың арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірінің көшбасшысына айналды. Біз елдеріңізбен барынша жақсы қарым-қатынаста болып, ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Бұл – менің сапарымның басты мақсатының бірі, – деді М.Лайчак.
Министр өзімен бірге келген кәсіпкерлер делегациясының өкілдері туралы да айтып өтті.
– Словакия бизнесмендері дәл қазір Қазақстандағы әріптестерімен кездесулер өткізіп жатыр. Мұндай басқосулардың басты міндеті – мемлекеттер арасындағы тауар айналымы көлемін арттыру, – деді М.Лайчак.
Сонымен бірге, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтерудің маңыздылығын айтты.
Бұдан бөлек, М.Лайчак өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді реттеудегі еліміздің аса маңызды рөлін атап өтіп, оның мәні республикамыздың БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне алдағы мүшелігіне байланысты арта түскенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бұл сапар мемлекеттеріміздің екіжақты қарым-қатынасының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.