National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Азиялық даму банкінің президенті Такехико Накаоны қабылдады

2014 жылғы 30 сәуір

 

Кездесуде инфрақұрылымдарды дамыту, еліміздегі қаржы-банк секторын одан әрі реформалау, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қажетті қолдау көрсету мәселелерін қамтыған ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ, тараптар әлемдік қаржы жүйесін одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Азиялық даму банкі басқарушылар кеңесінің алдағы 47-ші отырысының Астанада өтетініне ризашылық білдірді.

– 2014 жылы Кеңеске төрағалық ету – біз үшін құрмет. Қатысушылар құрамында аса көрнекті адамдар болады. Біз мұны тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның табыстарын банктің мойындауы деп білеміз. Биыл еліміз бен Азиялық даму банкі арасындағы ынтымақтастыққа 20 жыл толады. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыра бастаған бүгінгі кезеңде біз сіздердің банктеріңізбен өзара іс-қимылдың жаңа беттерін ашқымыз келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қос тараптың ынтымақтастығы мемлекетіміздің мүддесіне толық сай келетінін және еліміздің экономикасын әртараптандыру үдерісіне банктің көрсеткен қолдауын Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтті.

Азиялық даму банкінің басшысы өз кезегінде Астанада форум өткізу туралы шешім үшін алғысын білдіріп, оған Азияның барлық түпкірінен 3000-нан астам делегаттың қатысуы күтіліп отырғанын айтты.

Т.Накао сондай-ақ АДБ Қазақстанда өз жұмысын бастағаннан бері жалпы сомасы 3,5 млрд.доллар қаржылай көмек көрсеткенін атап өтті. 

Азиялық даму банкінің президенті «Қазақстан – 2050» Стратегиясын  энергетика, индустрияландыру, қаржы секторын дамыту, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік тәрізді салалар бойынша жүзеге асыруға көмектесуге дайын екенін жеткізді.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің