Кездесуде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына дайындықтың барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы аталған жұмыстар қатаң кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына тоқталды.
– Сіздің сапарыңыз әрдайым зор маңызға ие, өйткені ол бұдан арғы іс-қимылды реттеп, Қазақстан үшін аса маңызды іс-шараны өткізуге уақтылы дайындалуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
В.Лоссерталес өз кезегінде көрме жобалары сәтті жүзеге асырылып жатқанын, оған оның жалпыұлттық ауқымы мен Қазақстан Президенті тарапынан көрсетіліп отырған ұдайы қолдау септігін тигізіп отырғанын атап өтті.
– Құрылыс жедел қарқынмен, тіпті кестеден оза жүргізілуде. Мен 25 жылдық жұмыс барысында нысандар құрылысының осынша тез және тиісті деңгейде жүргізілгенін ешқашан көрмегенімді айтқым келеді. Алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өтетініне сенімдімін, – деді В.Лоссерталес.
Халықаралық көрмелер бюрасының Бас хатшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылардың бірінші жиналысы ертеңге жоспарланып отырғанын хабарлады. Оған әлемнің түрлі елдерінен шамамен 140 өкіл қатысатын болады.