Кездесу барысында Н.Бордюжа Қазақстан Президентіне Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Мәскеуде өтетін кезекті сессиясына дайындық барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, кездесуде Ұйымға мүше барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен қауіптер және ахуалдың өрістеуіне ықпалын тигізер теріс үрдістерді азайту үшін қабылдануы қажет шаралар талқыланды. Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайдың қарқынды өзгеруіне байланысты ҰҚШҰ алдына қойылуы мүмкін міндеттерге назар аударды. – Ауғанстаннан коалиция күштерінің шығарылуы күтілуде, «Ислам мемлекетімен» байланысты жаңа қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда Ұйым ахуалды игеретін, болжайтын, қажетті ұжымдық шараларды қабылдау жөнінде ұсыныстар әзірлейтін талдамалық орталыққа айналуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Н.Бордюжа ҰҚШҰ қызметінің биылғы қорытындылары туралы әңгімелеп, әскери ынтымақтастық саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.