Кездесу барысында Ж.Түймебаев Мемлекет басшысына облыстың биылғы перспективалары, сондай-ақ өңірдің 2021 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады.
Елбасы аймақтың салық түсімдері көрсеткішінің төмен екенін, өңірдің республика бойынша мейлінше дотациялы болып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек нарығын реттеу саласындағы жұмыссыздық мәселелеріне назар аударды.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі жоғары. Оңтүстік Қазақстан үшін жұмыссыздық пен халықтың көші-қон мәселесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Бұл мәселелерді шешу үшін шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Шымкенттің таяу келешекте тұрғындарының саны 1 миллион адамнан асатын қалаға айналатынын атап өтті.
Облыс әкімі Елбасыға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді аймақ тұрғындары жан-жақты қолдап отырғаны туралы мәлімдеді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде міндеттерді орындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.