Кездесу барысында Қазақстан-Латвия қарым-қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары қарастырылды. Тараптар сауда-экономикалық және көлік-транзитттік ынтымақтастық аясын кеңейту жолдарын да талқылады.
Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Латвияны Прибалтикадағы маңызды серіктес санайтынын атап өтті.
- Сіздің сапарыңыздың екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарды жандандыру үшін өте үлкен мәні бар. Сіздер Еуроодаққа кіру қарсаңында тұрсыздар, онда жүріп жатқан үдерістерге қатысты көзқарас тұрғысынан алғанда бұл біз үшін де қызығушылық туғызады. Біздің келіссөздеріміз жемісті болады, ал бизнес-форум іскерлік топтардың байланыс орнатуына оң ықпал етеді деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.
А.Берзиньш Латвияның бизнес қоғамдастығы өкілдерінің қазақстандық серіктестерімен бірлескен жобаларға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Бірлескен баспасөз мәслихатында кездесуді қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Латвия қарым-қатынасы жүйелі дамуымен ерекшеленетінін атап көрсетті.
- Бүгінде біздің елдеріміз арасындағы екіжақты саяси диалог белсенді және сенімді сипатта. Парламенттер мен үкіметтер, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік және ғылыми топтар деңгейінде тығыз байланыс қалыптасқан. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар аясы уақыт өткен сайын кеңейе түсуде, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдерімізді саяси және экономикалық байланыстар ғана емес, сондай-ақ, тарихымыздың ортақтығы байланыстыратынын атап өтті.
- Қазақ және латыш халықтары әрдайым бір-бірін құрметтеп, қолдау көрсетіп келеді. Латвия Президентінің сапары кезіндегі негізгі бір шара – Қарағанды облысының Спасск елді мекенінде саяси репрессия құрбаны болған латыштарға арналған ескерткіш ашу. Бұл – тағдырдың жазуымен қазақ даласына келген отандастар рухына деген шынайы құрметтің белгісі. 1938-1994 жылдары Қазақстанға 17 мыңға жуық латыш жер аударылған. Латвияға 2006 жылғы сапарым барысында мен Қазақстанды мекен еткен, репрессияға ұшыраған латыштардың 268 ісін тапсырдым. Сапарымыз барысында біз Вике-Фрейберга ханыммен кездесіп, осы мәселені талқыладық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде елдеріміз арасында барлық деңгейде тұрақты және жемісті диалог орныққанын атап өтті.
- Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия жұмыс атқаруда. Өткен жылы ғана екіжақты сауда көлемі 50 пайызға артты. 2004 жылдан бастап Латвияның Қазақстандағы елшілігі қызмет істеп келеді. Дәл сол жылы біз Қазақстанның Ригадағы консульдығын аштық. Жаһандық қаржы дағдарысы салдарларына қарамастан сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқын алып келеді. Бүгінде екі елдің өзара сауда көлемі 350 миллион долларға жетті. Біз бұл көрсеткішті таяуда жарты миллиард долларға дейін жеткізу мүмкіндігін талқыладық. Астана мен Алматыда өтетін қазақ-латыш бизнес форумы екі елдің іскерлік қоғамдастығы арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін болады деп сенемін, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда латыш компанияларының қатысуымен құрылған 138 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.
- Көлік-логистика саласындағы мәні зор жобалар жүзеге асырылуда. Қытайдан Қазақстан арқылы Балтық жағалауына контейнерлік тасымалдар өткізу жөнінде шаралар қабылдануда. Бұл өте перспективалы бірлескен кәсіпорындар болуы мүмкін. Өздеріңізге де белгілі, Тынық мұхитынан Еуропаға теңіз арқылы жүк тасымалдау 45 күндей уақытты алады, ал Қазақстан арқылы теміржол бойымен жүк тасымалына 2 апта уақыт кетеді. Сондай-ақ, біз Латвия Президентімен осы елдің компанияларының Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасына атсалысуы жөнінде сөйлестік. Бизнес делегация байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жүргізу үшін өз орындарын табады деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің де қызығушылығын туғызып отырған дамудың бірқатар бағыттарын атап өтті.
- Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімнің қабылдануы да маңызды қадам болады. Біз Латвияның ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындыққа және өткізуге атсалысқанын қалаған болар едік. Бүгін, сондай-ақ, туризм саласындағы келісімге қол қойылатын болады. Ол өзара жемісті ынтымақтастықтың негізін қалайды. Латвияның жоғары оқу орындарында туризм индустриясы саласында қазақстандық кадрларды даярлауға жете көңіл бөлінетін болады. Ригадағы аэронавигация институтында жыл сайын қазақстандық жастар білім алады. Сонымен бірге бүгін білім және ғылым саласындағы келісімге қол қойылады. Транзит-көлік саласындағы және ауыл шаруашылығындағы өзара ықпалдастықтың әлеуеті зор, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы тараптар арасында халықаралық саясаттың түрлі аспектілері жөнінде мазмұнды пікір алмасылғанын мәлім етті.
- Атап айтқанда, біз Таяу және Орта Шығыстағы, Ауғанстандағы ахуалды талқыладық. Сондай-ақ, Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамытуына ерекше назар аудардық. Біз Латвияның Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы серіктестігі мен ынтымақтастығы аясын кеңейту туралы жаңа келісім туралы келіссөздерді қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Ол Қазақстан-Еуропа өзара ықпалдастығын жаңа биіктерге шығаруға бағытталған. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екі тараптың одан арғы ынтымақтастыққа ұмтылысын көрсететінін атап өткім келеді, - деді Қазақстан Президенті.
Латвия Президенті Қазақстанға келуге мүмкіндік жасаған үшін алғыс білдіре келе, өзінің бұл сапары екі елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті.
- Латвия Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі санайды. Соңғы жиырма жылда сіздердің елдеріңіз экономикалық дамуы жағынан да, басқа бағыттар бойынша да өте көп жетістікке жетті, сондай-ақ халықаралық ықпалы мен беделін арттырды. ЭКСПО-2017 бүкіл әлемдік көрмесін Астанада өткізу мүмкіндігі бұл жайттың жарқын дәлелі болып табылады, - деді А.Берзиньш.
Латвия Президенті Қарағанды облысында саяси репрессия құрбаны болған латыштарға арналған ескерткіштің ашылуы өз маңыздылығы жағынан екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың факторы қызметін атқаратынына тоқталды.
- Сіздің Латвияға 2006 жылы жасаған сапарыңыз біздің есімізде, Сізді кез келген қолайлы уақытта біздің елімізге сапармен келуге шақырамыз. 2014 жылы Рига еуропалық мәдени қалаға айналатынын ескерсек, өзара тәжірибе алмасу біздің елдеріміз үшін пайдалы болады. Сонымен қатар, білім мен ғылым саласындағы қол қойылған бүгінгі шарт біздің елдеріміз үшін өте маңызды. Біз Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы диалог аясында саяси ықпалдастықты одан әрі тереңдету ниетіндеміз. Біз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ұмтылысын қолдаймыз және биыл елдеріңіз аталған ұйымның мүшесіне айналады деп үміттенеміз. Сонымен қатар, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, атап айтқанда, Ауғанстандағы ахуалдың талқылануы маңызды болды, - деді А.Берзиньш.