Ақорда резиденциясында өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тускпен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасының сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айтты.
– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді.
– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рахмет. Біздің сіздермен тәжірибеміз бен өзара қарым-қатынастарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады, – деді Еуропалық кеңес басшысы.
Әңгімелесу барысында тараптар әртүрлі саладағы Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.