Қорғаныс министрі Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшыға Қарулы Күштердің әскери және жедел даярлығы, Қазақстан армиясын дамыту туралы есеп берді.
Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа COVID-19 індетіне шалдыққан азаматтарды қабылдауға арналған әскери медициналық госпитальдің жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ ол әскери қызметшілер республиканың 10 қаласында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізгені және қазақстандық әскери дәрігерлердің елімізге келген ресейлік әріптестерімен бірлесіп әрекет етіп жатқаны жайында айтты.
Қорғаныс министрі Қарулы Күштердің құрылысы және дамуы тұжырымдамасын әзірлеу туралы да атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскерді дамытуды жоспарлау кезінде мемлекеттің қаржы-экономикалық мүмкіндіктерін ескеру қажет екеніне баса назар аударды.
Қорғаныс министрі Тұжырымдаманы әзірлеудің бірінші кезеңінде бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ұйымдық-штаттық құрылымды, әскери бөлімшелердің саны мен әскери инфрақұрылым нысандарын оңтайландыруға, оқ-дәрілерді және әскери техниканы тиімді пайдалануға басымдық берілетінін жеткізді.
Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери міндеттілерді жедел әскерге шақыру науқанының аяқталуы туралы ақпарат берді.
Мемлекет басшысы қайта қаруландыру жұмыстарын жоспарлы жүргізуге, әскерді жаңғыртуға, оның ішінде, әскери комиссариаттардың қызметін автоматтандыру және цифрландыру қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, әскери тәртіпті және жемқорлыққа қарсы күресті нығайтуға баса мән беру керек.
Бас қолбасшы Бейрут портындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін Ливанға әскери медицина қызметкерлерін жөнелту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Бейбіт өмірге және соғыс жағдайына бейімделген техникалық қызметтер мен әскери құрылымдардың техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға, сондай-ақ, биологиялық және химиялық қауіппен күреске жұмылдырылу ықтималдығын ескере отырып, олардың тұрақты түрде әскери дайындықтан өтіп тұруы қажет екені айтылды.