Қазақстан Президентіне министрліктің қазіргі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Б.Атамқұлов Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» диалогының (ОАЖД) 7-кеңесіне қатысу үшін Тәжікстан Республикасына жасаған сапарының қорытындысы және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуі жөнінде баяндады.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапарының нәтижелері, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен жүргізген келіссөздерінің нәтижелері, сондай-ақ, Бішкек қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы елдері Сыртқы істер министрлерінің жиындарына қатысқаны жөнінде мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерімен арадағы ынтымақтастықты, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық құрылымдар мен бірлестіктер аясында өзара ықпалдастықты нығайту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы сапарлар мен сыртқы саяси іс-шаралар, соның ішінде биылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында болатын Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына дайындық кестесі талқыланды.
Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.