National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді

2019 жылғы 22 сәуір

Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның сенімді әрі стратегиялық әріптес екенін атап өтті.

– Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары Ұлы Жібек жолы заманында өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ және корей тілдерінің Орал-алтай тобында болуы халықтарымыздың тарихының да жақындығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынастарының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Екіжақты серіктестіктің бастауында Елбасы тұрады. Ол елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында екі елдің қарым-қатынастары іс жүзінде барлық бағыт бойынша ықпалдастықтың сапалы әрі жаңа деңгейіне көтерілгенін айтты. Сондай-ақ, Үкіметаралық комиссия мен Қазақстан - Оңтүстік Корея іскерлік кеңесінің жұмысын жоғары бағалады.

– Оңтүстік Корея Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды он елдің бірі болып табылады. Өзара тауар айналымы көлемінің қарқынды өсуін ерекше атап өтемін. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші рекордтық деңгейге, яғни 4 миллиард долларға жетіп, 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамып келеді. Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Оңтүстік кореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, кен байыту, автомобиль және экономикамыздың басқа да салаларында табысты жұмыс істеуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға корей диаспорасы зор үлес қосқанын атап өтіп, корей ұлтының Қазақстандағы ірі этникалық топтардың қатарына кіретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұратын олардың этномәдени ерекшелігін сақтау үшін Қазақстан Үкіметі бұдан былай да барлық жағдай жасайтынын айтты.

Корея Республикасының Президенті «Қазақстан – 2050» даму Стратегиясына оң баға беріп, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның жоғары қарқынмен өркендеп келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт үдерісті қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізді. Бұл Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі болып табылады, – деді Мун Чжэ Ин.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету тұрғысынан бүгінгі сапардың мәні зор екенін, Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің