National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

2013 жылғы 01 шілде

 

Баспасөз мәслихаты барысында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронға сапары үшін алғысын білдіріп, бұл сапар екі елдің қарым-қатынастарының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

– Бүгін біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Ол ынтымақтастық әлеуетін ғана емес, қарым-қатынасымызды сапалы жаңа деңгейге шығарудағы екі мемлекеттің саяси ерік-жігерін де көрсетеді. Келіссөздер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың барлық тетіктері мен қажетті тәсілдерін қолдана отырып, оларды жүзеге асыруға барынша күш салу тұрғысынан мен Кэмерон мырзаны толық қолдадым, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде Ұлыбритания әлемдегі Қазақстанның аса маңызды саяси және сауда-экономикалық ірі серіктестерінің бірі екеніне тоқталды.

– Ұлыбритания Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тартуда АҚШ пен Нидерландыдан кейін үшінші орын алады, қазір оның көлемі 12 миллиард долларға жетті. Елімізде британдық капиталдың қатысуымен 600-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Олар көлік, металлургия, денсаулық сақтау, банктік сектор және экономиканың басқа да түрлі саласына атсалысуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Мемлекет басшысы еліміз үшін дәстүрлі түрде энергетикалық ынтымақтастықтың маңызды болып саналатынын айтты.

– Британ компаниялары «Қарашығанақ» жобасын іске асыруға, «Каспий құбыры консорциумының» өткізу қабілетін ұлғайтуға, «Жемчужина» блогын әзірлеуге белсене қатысуда. Кеше біз Кэмерон мырзамен бірге Солтүстік Каспий жобасының аса маңызды өндірістік нысанының бірі – мұнай мен газ тазартатын «Болашақ» зауытын іске қостық. Осылайша әлемдегі ең ірі мұнай кен орны – Қашағанда өнеркәсіптік өңдіру жұмысын бастауға мүмкіндік туып отыр. Құрылыстың екінші кезеңі Атырау облысындағы біріктірілген газ-химия кешенінде жалғасуда. Осы және өзге де жобалар Қазақстанның энергетикалық саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Біз Ұлыбританиямен «шикізатты инвестиция мен озық технологияға айырбастау» формуласы бойынша энергетикалық диалогты одан әрі нығайтуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ұлыбритания сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету және әртараптандыру үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап көрсетті.

– Біз жаңартылатын энергетиканы және «жасыл экономиканы» дамыту саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға уағдаластық. Бұл британ үкіметімен мақсаттарымыз бен міндеттеріміздің сай келетінін де білдіреді. Бұған Қазастанда «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жақсы негіз болып саналады. Британдық компанияларды оны ұйымдастыруға атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында көлік, атап айтқанда, азаматтық авиацияны, сондай-ақ ғарыштық жобаларды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы талқыланғанын да мәлім етті.

– Біз «Эйр Астананың» ұшу қауіпсіздігін арттыру және еуропалық бағыттағы маршрутының географиясы аясын кеңейту жұмыстарын жүргіземіз және одан әрі де бірлесе күш салатын боламыз. Біз сондай-ақ  «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК мен британдық «ССTЛ» компаниясы арасында елімізде жаңа спутник құру және технологиялар алмасу жөніндегі келесімшартқа қол қойылғанын қолдаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы виза режімін ырықтандыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Мысалы, бүгінгі күні еліміз британдық азаматтар үшін виза беру рәсімдерін жеңілдетті, енді екінші тараптан сондай қадам күтіліп отыр. Қазақстандағы Британ Кеңесінің қызметі туралы мәселе талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласындағы өзара ықпалдастыққа ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.

– Қазіргі уақытта мыңдаған қазақстандық студенттер Ұлыбритаияның жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда. Бұл білім беру саласында тәжірибе алмасу тұрғысынан ғана емес, Ұлыбританиямен мәдени байланыстарды нығайту үшін де пайдалы. Бұған қоса, британдық жоғары оқу орындары Астанадағы жаңа Халықаралық университетті дамытуға белсене атсалысуда. Сондай-ақ, олар Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті базасында техникалық кадрлар дайындауды жүзеге асыруда, – деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті кездесу барысында халықаралық тақырыптардың кең ауқымы бойынша пайдалы пікіралмасу өткенін айтты.

– Біз Орталық Азиядағы ахуалды, сондай-ақ Ауғанстандағы, Ирандағы, Таяу Шығыстағы жағдайды, ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесін талқыладық. Посткеңестік кеңістіктегі, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағы аясындағы интеграциялық процестердің дамуына ерекше назар аудардық. Экономикалық трендтер, жаhандық қаржы рыногын және әлемдік экономиканы қалпына келтіру шаралары жөнінде пікір алмастық. Кэмерон мырза Қазақстанның осы процестерге қатысты ұстанымы және VI Астана экономикалық форумының негізгі қорытындылары туралы хабардар етілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздердің нәтижесі екі мемлекеттің саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге ұмтылысын көрсетіп бергенін атап өтті.

– Премьер-Министр мырзамен британдық бизнесмендердің үлкен тобы еріп келді. Атырауда өткен және Астанада өтетін іскерлік форумға қатысушылар екі тараптан 300-ден астам адамды құрайды. Келіссөздер нәтижесінде қазірдің өзінде сомасы 1,1 миллиард долларлық келісімге қол қойылды. Біз екі тарап жағынан да елдеріміздің бизнесмендері қол жеткізген келіссөздерді қадағалап отыратын жұмыс тобын құрған жөн деп шештік. Осының бәрі екіжақты қарым-қатынастарды стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға септігін тигізетін болады. Мен Д.Кэмеронның Қазақстанға сапарынан мемлекеттеріміздің ынтымақтастығының жаңа дәуірі басталатынына сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Ұлыбритания Премьер-Министрі Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын және кіріс деңгейі жоғары, өңірде әрі әлемде маңызды рөл атқаратын мемлекетке айналып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстанның ықпалы тек арта беретін болады. Біз өзара қарым-қатынасымыз жаhандық деңгейге де табысты болуы үшін оны нығайтқымыз келеді. Бүгін біз қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңін ашып отырмыз. Стратегиялық серіктестік туралы қол қойылған келісім тығыз экономикалық байланыстарға, қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа негізделген өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге алып шығады. Біз өзге де бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты нығайтамыз, – деді Д.Кэмерон.

Ұлыбритания Премьер-Министрі  өз елінің Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі екенін және Shell мен BG Group тәрізді компаниялар еліміздің энергетикалық секторында елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

– Біз екі ел арасындағы экономиканың өзге секторлары – денсаулық сақтау, білім беру, жылжымайтын мүлік және қаржылық қызмет көрсету салаларын дамытуды және инвестиция салу аясын кеңейтуді жалғастырамыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымын 2017 жылға қарай екі есеге жеткізгіміз келеді. Осы орайда, мен қазақстандық компанияларды британ экономикасына инвестиция салуға шақырғым келеді. Біз виза мәселесін шешуге де дайынбыз, – деді Д.Кэмерон.

Ол сондай-ақ халықаралық мәселелерді шешуде және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екіжақты өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге әзір екендіктерін атап өтті.

– Біз Ауғанстан бойынша бірлескен жұмысты белсене дамытудамыз, Қазақстан бұл мәселеде маңызды және оң рөл атқарады. Иран мәселесі жөніндегі келіссөздерді ұйымдастыру мен Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен дамыту осының жарқын дәлеліне айналып отыр. Мен Қазақстанның өсіп-өркендеп келе жатқан, ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан ел ретінде өңірдің ядролық қарудан азат болуына қол жеткізуде тамаша үлгі бола алатынына сенімдімін. Біз білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту ниетіндеміз және өз елімізде «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алып жатқандар қатарын арттыра отырып, Қазақстаннан ең үздік студенттерді тартқымыз келеді. Бұл стипендияның атауы «келешек» деген ұғымды білдіреді. Қазақстанның келешегі зор, ал Ұлыбритания осы болашақтың маңызды бөлігі бола алады, – деді Д.Кэмерон.                  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің