Нұрсұлтан Назарбаев екі ел өкілдерінің әр сапары мен кездесуі мемлекеттерді жақындастыра түсетінін, елдер арасы қазірдің өзінде барлық жағынан жақын екенін атап өтті. - Қазақстан мен Беларусь ішкі және сыртқы саясатты дамытуда көп мәселе бойынша өте ұқсас ұстанымда. Біз экономикалық және саяси салаларда белсенді өзара ықпалдастықтамыз, атап айтқанда, ТМД, ҰҚШҰ, соңғы уақытта – Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағы аясында ынтымақтасамыз. Биылғы мамыр айының соңында экономикалық интеграцияның одан арғы мәселелерін талқылау үшін үш мемлекет басшыларының бірлескен кездесуі жоспарланған, - деді Мемлекет басшысы. А.Рубинов кездесудің өтуіне мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдірді және еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер айтарлықтай жедел жүріп жатқанына тоқталды. - Бұл ретте біздердің парламенттеріміз маңызды рөл атқарып отыр. Біз түрлі форматтарда байланысамыз және заңнамалық база мен біздің іс-әрекеттеріміз үнемі келісім тауып отырады. Біз бұл процесті мейлінше жандандырып, оны жеделдету және тиімділігін одан әрі арттыру ниетіндеміз. Менің сапарым парламентаралық өзара ықпалдастықтың арта түсуіне мүмкіндік туғызады деп ойлаймын, - деді А.Рубинов.