Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және индустриялық-инновациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперацияны күшейту мәселелерін талқылады.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко посткеңестік кеңістіктегі, бірінші кезекте Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту барысын қарастырды.
Шағын құрамдағы кездесуде Қазақстан Президенті А.Лукашенконың биылғы сапары екі елдің соңғы жылдардағы қарым-қатынасының белсенді қарқынының, саясат, экономика және мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарының қарышты дамуының дәлелі екенін атап өтті.
– Менің Минскіге былтырғы сапарым барысында көрсетілген қонақжайлылық есімде. Бұл сапар біздің қарым-қатынасымызды одан ары нығайтып, барлық шаруашылық субъектілері үшін, үкіметтер мен бірлескен комиссиялар үшін жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Беларусь Президенті екі елдің халықтары көп ретте еңбексүйгіштігіне қоса, өз тарихы мен бірқатар қасиеттері жағынан ұқсас болып келетініне тоқталды.
– Біздің өзара қарым-қатынасымыздың негізінде халықтарымыздың мүдделері жатыр, бұл қымбат құндылыққа жатады. Бұл дұрыс және жаңа буын тарапынан әрдайым қолдау табатын болады. Мен, өзіміз келіскендей, тапсырмаларымыздың орындалу барысын бақылауға келдім. Минскіде және Астанада кезегімен кездесуіміз – дұрыс шешім, өйткені біз қойған міндеттерді шешуде орындаушыларды ынталандыра түседі, – деді А.Лукашенко.
Кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь тығыз одақтастық қарым-қатынастар, сондай-ақ екіжақты және көпжақты негіздегі ауқымды байланыстар біріктіретін жақын серіктестер екенін айтты.
– Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мол үлес қосады деп сенемін. Келіссөздер қорытындысы бойынша біз бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, онда елдеріміз арасындағы достықты, экономикалық ынтымақтастық пен саяси байланыстарды нығайтуға ортақ ұмтылысымыз көрініс табатын болады. Бүгінде арамызда сауда-экономикалық ықпалдастық қарқынды дамуда. Қазақстан әлемдегі нарықтың тұрақсыздықтың салдарынан елдеріміздің тауар айналымының деңгейі 10 пайызға төмендегеніне қарамастан, ол жөнінен ТМД елдері арасында Беларусь үшін үшінші серіктес болып саналады. Өнеркәсіп кооперациясындағы ынтымақтастықта оң тәжірибе бар. Бүгінде өндіріс саласында және карьер-шахта техникасы, астық жинайтын комбайндар, тракторлар, қозғалтқыштар, лифтілер мен өзге де техниканы құрастыратын 14 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде А.Лукашенко Қазақстанның Беларусь үшін сенімді дос және одақтас екенін атап өтті.
– Біз өз кеңістігімізде Еуразиялық экономикалық одақ тәрізді бірегей құрылымды бірге құрудамыз. Ол екі елдің экономикасын дамыту үшін мол мүмкіндік туғызады. Өзара тиімді қарым-қатынастарымызды нығайту үшін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің артықшылықтарын мейлінше күшейту қажет. Осы міндетті шешу алдағы екі жылға арналған екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жол картасын бекітуге септігін тигізетін болады. Бұл кешенді құжат өзара іс-қимылдың барлық саласын қамтиды, – деді Беларусь Президенті.