Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дмитрий Медведев екі мемлекет арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын қарастырды. Кездесу барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дмитрий Медведевті жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады.
– Сіздің мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибеңіз Ресейдің мемлекеттілігін нығайту ісіне, әсіресе қазір, елдеріңіз өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан кезде зор үлес қосатыны сөзсіз. Конституциялық реформалардың орны ерекше. Біз оны мұқият зерттеп жатырмыз. Әрине, біз одақтас әрі стратегиялық серіктес болғандықтан, Қазақстан оған айрықша қызығушылық танытады, – деді Президент.
Дмитрий Медведев өзінің жаңа лауазымда елімізге жасаған сапарының символдық мәні бар екенін айтты.
– Мен мұнан достығымыздың, одақтастығымыздың символын көріп отырмын. Менің соңғы жылдары атқарған қызметтерімдегі мемлекеттік сапарларым, ең алдымен, Сіздің еліңізге жасалды. Бұл бір-бірімізді жақсы түсінуге, стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастық қатынастарымызды нығайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей Президенті Владимир Путиннің жүрекжарды сәлемін жеткізді.
Дмитрий Медведев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық туралы айта келе, оның мейлінше маңызды даму кезеңінде тұрғанын атап өтті.
– Сіз Ресейде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларға назар аудардыңыз. Біз де Қазақстандағы үдерістерді мұқият бақылап отырмыз. Достас, серіктес саналғандықтан басқаша болуы мүмкін емес. Біз бір-біріміздің дамуымызға көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ, белгілі бір деңгейде өткен кезеңнен, дамуымыздың кейбір сәттерінен сабақ алуымыз керек. Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары ретінде менің кездесулерімнің бұған септігі тиюі үшін тырысамын, – деді Дмитрий Медведев.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде, соның ішінде коронавирус індетінің таралуына қарсы күресу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты.