National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовті қабылдады

2013 жылғы 10 қазан

 

А.Есімов Алматының 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті қала инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі қызметті жалғастыру қажеттігін атап өтті.

– Қала экологиялық ахуалды жақсарту, қоғамдық көлікті газға көшіру, жолдарды жөндеу, көлік жолайрықтары құрылысы жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мен Алматы төңірегінде айналма жолдар салуды тапсырдым. Мұның бәрі халықтың тұрмысы мен қала экономикасын жақсартуға септігін тигізеді. Алматы еліміздің өңірлері арасында алда келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Алматыда қала экономикасының негізгі саласының бірі болуға тиіс туризм индустриясын дамытуға баса назар аударды.  

– Менің тапсырмам бойынша туризмді дамыту жөнінде біраз жұмыс жүргізілуде, сонын ішінде Алматы тауларының әлеуетін пайдаланып, шаңғы спортын дамыту маңызды орын алады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Велосипедшілердің халықаралық одағы бастамасымен жақында болып өткен бірінші велосипедшілер жарысының Алматының халықаралық таныстырылымы үшін маңызы зор болғанын атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі кезде 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы универсиада өткізуге дайындық жасалуда.  

– Біз 2022 жылы Алматыда Қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізу үшін өтініш бердік. Мұндай маңызды жарысты өткізу қалада спортты дамытуға оң әсер етіп, Алматы арқылы күллі әлемнің еліміз туралы көбірек білуіне мүмкіндік беруге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуде А.Есімов 9 айдың қорытындысы бойынша қала тіршілігінің барлық саласында оң қарқын бар екенін мәлімдеді.

– Өткен жылдар ішінде барлығы 40 білім беру нысаны, 18 денсаулық сақтау нысаны салынды, 1000 шақырымнан астам жолға жөндеу жұмысы жүргізілді, жаңадан 214 шақырымдық жол салынды. Спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу үшін пайдаланылатын спорт нысандары да қайта жөнделді, – деді Алматы қаласының әкімі.

А.Есімов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматыны ірі туристік орталық ретінде дамыту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.

– Біз Бүкіләлемдік Туристік орталық басшылығымен кеңес өткіздік. Бізге әлемнің барлық елінен қысқы спорт түрлері жөніндегі мамандар келді, пайдалы келіссөздер өтті және олардың қолдауымен бірқатар іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді Алматы қаласының әкімі.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Алматының инфрақұрылымын одан әрі дамыту және қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің