National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековты қабылдады

2013 жылғы 31 қаңтар

 

Кездесу барысында министр Қазақстан Президентіне еліміздің аграрлық саладағы жұмысының 2012 жылғы қорытындылары және оны одан әрі дамытудың 2020 жылға дейінгі негізгі бағыттары туралы баяндады.

- Мемлекет ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп отыр. Еліміздің агроөнеркәсібінің негізгі мақсаты – ішкі нарықты өзіміздің азық-түлікпен және отандық өнімдермен 80 пайызға дейін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласын дамытудың алдағы кезге арналған бағдарламасы әзірленген. Бұл салада ауқымды жұмыстар күтіп тұр, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвентаризация жүргізу нәтижесінде ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылған 7,8 миллион гектар жерді тиімді пайдаланудың, сондай-ақ өңдеу саласын дамытудың және экспорттауды жылына 60 мың тоннаға дейін ұлғайта отырып, өзіміздің ет өнімдерімізбен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.  

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті саланың өнімділігін одан әрі арттыру қажеттігіне және жобаларды іске асырудың экономикалық тиімділігіне тоқталды.

   А.Мамытбеков Қазақстан Президентін ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынуға және салаға жаңа технологиялар тартуға бағытталған ауылшаруашылық кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған  бағдарламасын әзірлеу аяқталғаны туралы хабардар етті. Бағдарлама, сондай-ақ, бизнесті ауыл шаруашылығындағы басымдығы бар бағыттарды дамытуға ынталандыруды қарастырады. Осылайша, жеті жыл ішінде саланы дамытуға шамамен үш триллион теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы тұқым себу науқанына уақтылы дайындалу және ауылшаруашылық кешенін дамытуға бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің