С.Ахметов Қазақстан Президентіне елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы қаңтардағы қорытындылары және Мемлекет басшысының 2013 жылғы 23 қаңтарда өткен кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.
- Қаңтар айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 4,5 пайызды құрайды. Әлемдік баға мен сұраныстың азаюына байланысты өңдеуші өнеркәсіптегі индикаторлардың кейбірінің төмендеуі байқалуда. Жалпы, елімізде барлық сала бойынша биылғы жыл жағымды көрсеткіштермен басталды, - деді Қазақстанның Премьер-Министрі.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық даму және елдің ішкі жалпы өнімінің өсу қарқынының одан әрі сақталу мәселелеріне үнемі бақылау жасап, мониторинг жүргізіп отыру қажеттігіне назар аударды.
- Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы іске қосылған кәсіпорындар жоспарланған қуатында жұмыс істей бастауы қажет. Бұл ел экономикасының одан әрі өсуіне елеулі ықпал етеді, - деді Қазақстан Президенті.
Премьер-Министр, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасы қабылданғанын мәлімдеді.
Бұған қоса, С.Ахметов Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысы туралы хабарлап, бұл мәселе Үкіметтің үнемі бақылауында болатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі ынталандыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.