Қазақстан Президенті Банкпен деңгейлес серіктестікке және Қазақстан экономикасына көрсетіп отырған қолдауына қанағаттанушылығын білдірді.
- Біз өзара ынтымақтастықты жалғастыру мүддесін көздейміз. Қазақстан ТМД елдері арасында сіздің банкпен бірінші болып серіктестік бағдарламасын әзірлеуі біздің өзара іс-қимылымыздың жоғары деңгейін білдіреді. Біз қазір іске асырып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама екіжақты ынтымақтастық үшін зор мүмкіндік туғызады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ислам Даму Банкінің Президенті Ахмад Мохаммад Әли әл-Мадани Мемлекет басшысына жылы қабылдауы үшін алғысын айтты.
- Мен Сізге Қазақстанмен серіктестік бағдарламасына қол қойылғаны туралы хабарлағым келеді. Бұл, сөз жоқ, Қазақстан мен Ислам Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Осының бәрі Сіздің республиканың Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдермен, әсіресе, энергетикалық саладағы, автомобиль және темір жол құрылысы салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, - деді Әли әл-Мадани.
Сонымен қатар, тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтудың келешек жолын талқылады. Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің арасында Инновация орталығын және Азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруға, сондай-ақ исламдық қаржыландырудың өңірлік орталығы ретінде Алматы қаласын дамытуға ерекше назар аударылды.
Ислам құқықтары қағидаттарына негізделген Банк қызметінің негізгі мақсаты – ИДБ-ға мүше елдердің экономикалық дамуы мен әлеуметтік прогресіне және әлемнің әртүрлі елдеріндегі мұсылман қоғамдастығына көмектесу.