Кездесуде Ә.Исекешев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2012 жылғы қорытындылары, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы қазіргі ахуал туралы баяндады.
Қазақстан Президенті ҮИИД бағдарламасы аясында пайдалануға берілген барлық 537 нысан өз өнімдерін өндіре, соның ішінде экспортқа шығара отырып, толық күшінде жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті.
- Еліміздегі тау-кен металлургия саласын дамытумен айналысатын «Тау-Кен Самұрық» және геологияны жандандыруға арналған «Қазгеология» компаниялары құрылды. Бұл – соңғы уақытта ешкім айналыспаған маңызды сала. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан үшін пайдалы қазбаларды іздестіру және өндіру тау-кен металлургия саласын дамыту үшін зор мүмкіндіктер туғызады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі ҮИИД бағдарламасын іске асырудың арқасында 2008-2012 жылдар аралығында еліміздегі ішкі жалпы өнім 22 пайызға артқанына тоқталды.
- Ең жоғары өсім өңдеуші өнеркәсіпте, тау-кен өндірісі, машина жасау, химия және фармацевтика салаларында байқалуда. Мысалы, 2013 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өсім 21 пайызды, құрылыс материалдары саласындағы өсім 14 пайызды, жеңіл өнеркәсіп саласындағы өсім 7 пайызды құрады. Алайда әзірше өнімге әлемдік сұраныстың азаюы және бағаның төмендеуі салдарынан металлургия саласындағы өндіріс өсімінің қарқыны бәсеңдегені байқалуда, - деп мәлімдеді Ә.Исекешев.
Қазақстан Президенті өсу қарқынын сақтау үшін металлургия саласын одан әрі жаңғыртуды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы кездесу барысында қаралған барлық мәселелер жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.