Кездесу барысында екіжақты парламентаралық қарым-қатынастар, сондай-ақ жаңа технология, энергетика салаларындағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастық жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы бұл Ф.Ломбардидің Қазақстанға алғашқы сапары екенін, оған елеулі маңыз беріліп отырғанын атап өтті.
– Біз бұдан жиырма жыл бұрын Швейцариямен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Елдеріміз арасында жақсы сауда-экономикалық ынтымақтастық орныққан, өзара инвестиция артуда. Бізде екіжақты өзара ықпалдастықтың жағымды қарқынын жалғастыруға деген мүдделілік бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға қомақты үлесін қосатын парламентаралық байланыстардың маңыздылығын атап көрсетті.
Швейцарияның Кантондар кеңесі президенті тек саяси және сауда-экономикалық өзара ықпалдастықты ғана дамытып қоймай, өзге де салалардағы ынтымақтастықты жандандырудың маңызды екеніне тоқталды.
– Біз басты тақырыбы болашақтың энергиясы болатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге қолдау көрсететінімізді және Қазақстанның барлық саладағы, соның ішінде экономикадағы, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдаудағы жетістіктеріне деген ілтипатымызды білдіргіміз келеді. Бұған қоса, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етті, ал Швейцария бұл ұйым жетекшілігін 2014 жылы қолға алады, сондықтан біз үшін Қазақстанның тәжірибесі пайдалы болмақ, – деді Ф.Ломбарди.