Мемлекет басшысы өз сөзінде келген жыл Қазақстанның басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен екіжақты қатынастарды дамытуы үшін табысты және өнімді болатынына сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі 2012 жыл еліміздің сыртқы саясаты тарихындағы ең табысты жылдардың бірі болғанын атап өтіп, қысқаша қорытты. Қазақстан өзінің аймақтағы және әлемдегі ұстанымын едәуір нығайтты. Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі саммитте Қазақстан іс жүзінде таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшысы болып танылды. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік толықтай жолға қойылды.
Сонымен қатар, өткен жыл Қазақстанның әлемнің көптеген елдерімен қарым-қатынасының мерейтойлық жылы болды. Отандық дипломатияның 20 жылдығы көптеген халықаралық серіктестермен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.
- Өткен жылы мен шетелдерге жиырмаға жуық сапар шектім. Қазақстанға он беске жуық әлем елдері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері келді. Менің әлемдік және аймақтық жетекші державалардың – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктерінің және басқа елдердің көшбасшыларымен кездесулерім мен келіссөздерім өтті. Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторы күшейе түсті. Оңтүстік Америкадағы алғашқы дипломатиялық өкілдік – Бразилиядағы елшілік ашылды. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезін жоғары деңгейде өткіздік. Мен Астанада жұмыс істеп жатқан барлық дипломаттарға осы жемісті кездесулерді, сапарлар мен форумдарды ұйымдастыруға қосқан үлестері үшін алғысымды білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар сыртқы саясаттағы табыстарға қол жеткізу қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен келісім, экономикалық өсім, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруы болмайынша мүмкін еместігін атап өтті.
- Қазір біз басқа да түбегейлі мүмкіндіктер пен перспективалар ашатын жаңа тарихи кезеңге аяқ бастық. Тәуелсіздіктің 21 жылдығында жария еткен Қазақстан халқына Жолдауымда біз 15 жылдан бері іске асырып келе жатқан 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының көптеген мақсаттары мерзімінен бұрын орындалғаны жөнінде қорытынды жасалды. Мен жаңа «Қазақстан – 2050» Стратегиясын бекіттім. Бұл қадамға баруымыз Қазақстанның осыдан он бес жыл бұрынғыға қарағанда басқа мемлекетке айналғанына байланысты. Біздің мүлде бөлек, мейлінше салмақты халықаралық ұстанымдарымыз бар. Бұл жаһандық экономикаға да, геосаясатқа да қатысты. «Стратегия-2050» сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің өткен ғасыр соңындағыға қарағанда мүлде өзге сипаттарына төтеп береді. Ол ел мен қоғам дамуының инновациялық экономикалық және әлеуметтік принциптері бойынша іске асырылатын болады. Қазақстанның ХХІ ғасыр ортасына дейінгі Жаңа саяси бағытының басты мәні осында. Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналуы үшін мен орасан зор міндеттер қойдым. Бұл – біздің Стратегиямыздың басты мақсаты, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елдің таяу онжылдықтағы стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін баяндады. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында Өңірлік көпжақты дипломатия орталығын құру жөніндегі жұмыстардың басталғаны туралы хабарлады.
– Онда ұйымдардың, бағдарламалардың, қорлардың және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің өңірлік және субөңірлік мәртебеге ие 16 өкілдігі жұмыс жасайды. Қазір Халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі агенттік (KAZAID) құру жұмыстары жүріп жатыр. Ол біздің көршілерімізге және өзге мемлекеттерге техникалық көмек көрсететін болады. Жалпы, біз Еуразияның жүрегі тұрақты өңірлік және жаһандық дамумен үндесіп, оның игілігі жолында бірқалыпты соғуы үшін өзімізге байланысты нәрсенің бәрін жасайтын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан, қарышты дамыған мемлекет ретінде Қазақстан жаңа ғасырдағы ұтымды әлемдік құрылымға өзіндік көзқарасын қалыптастырғанын атап өтті.
– Мен оны Астана экономикалық форумы мен IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі барысында былтыр жазда G-GLOBAL идеясын көтере отырып, баяндадым. G-GLOBAL – әлемге біз ұсынып отырған жаһандық үнқатысудың жаңа форматы. Тек G-8 немесе G-20-ны ғана емес, түгел қамтитын формат – ХХI ғасырдың жоғары «геосаяси математикасы» осы. Бүкіл жаһандық қоғамдастықтың әлемдік экономика мен саясаттың барлық мәселелері жөніндегі жалпыға ортақ диалогы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «G-GLOBAL форматы – көпполярлылық жағдайындағы әлемдік құрылымның 5 принципі» екеніне тоқталды. Олар саясаттағы эволюцияны және революциялық өзгерістерден бас тартуды; әділеттілікті, теңдікті, консенсусты; жаһандық толеранттылықты және сенімді; жаһандық транспаренттілікті; сындарлы көпполярлылықты қамтиды. Олардың негізінде ХХI ғасырда жаһандық түйткілдердің көбісін шешудің оңтайлы жолдарын іздеуге мүмкіндік туады. Оған қоса, бұл идея ХХІ ғасырдағы қауіпсіз және өркендеуші әлемнің құрамдас бес бөлігін қамтиды. Жүйелі түрде олар Қазақстанның барлық негізгі халықаралық бастамаларын көрсетіп береді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұлардың бәрі бүкіләлемдік үнқатысудың бөлігіне айналғанын, Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық ұйымдарда, өзге елдермен көпжақты және екіжақты келіссөздерімізде талқыланып жатқанын атап өтті. Көбі іс жүзіне асырылып та жатыр. Бұл бастаманы қолдау туралы Нобель сыйлығының көптеген лауреаттары, саяси көшбасшылар және жаһандық саясаттың ардагерлері, сарапшылар жария етті.
- Сіздер БҰҰ-ның Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін Астанада Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция шақыру туралы ұсыныс білдіргенімді білесіздер. Біздің жас еліміз тағдырына бей-жай қарай алмайтын әлемнің қазіргі дамуы осы идеяның өзектілігін білдіреді. Бастан кешіп отырған дағдарыстың жаһандық ауқымда екенін бәрі мойындайды. Бірақ ешкім де жаһандық деңгейде қорытынды жасамай отыр. Қабылданып жатқан шаралар қараңғыда жоғалған центті іздеймін деп жүз долларлық ақшаны жағу әрекетін көбірек еске салады. Жаһандық дағдарыстан шығу әлемнің барабар және тиімді қаржы архитектурасына өтпейінше мүмкін емес. Бұл туралы ең алдымен, БҰҰ және әлемдік қаржылық ұйымдары аясында әңгіме жүргізу қажет. Мен біздің шетелдік серіктестерімізді биылғы маусымда өтетін кезекті Астана экономикалық форумына қатысуға шақырамын. Жалпы, G-GLOBAL, бұл – әлемнің даму жолын жаһандық тұрғыдан іздестіруге Қазақстанның қосқан үлесі, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы дипломатиялық миссиялардың барлық басшыларына соғыс пен өзара күдіктен ада, әділетті бейбіт әлем құру жолында күш біріктіру туралы шақыруын өз елдерінің көшбасшыларына жеткізуді өтінді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның елордасы - Астананың халықаралық тұсаукесері өткеніне 15 жыл толатынын атап өтті.
- Қысқа мерзім ішінде Астана халықаралық дипломатияның жаңа орталықтарының біріне айналды. Осында мемлекеттердің саммиттері, әлемдік ауқымдағы ірі іс-шаралар өткізіледі. Өткен ғасырдың соңында осындай бір кездесуде сіздердің алдарыңыздағы әріптестеріңізді біздің жаңа астанамызға батыл түрде қоныс аударуға шақырғаным есімде. Қазақстанда тіркелген 66 дипломатиялық миссияның 65-і қазір Астанада жұмыс істейді. Олардың толыққанды жұмысы және дипломаттар отбасыларының өмір сүруі үшін біз барлық қажетті жағдайды жасадық және жасай береміз. Қазақстан тарапы сіздердің өтініштеріңіз бен тілектеріңізге әрдайым ықыласпен қарайды. Себебі, Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен екіжақты қатынасының даму қарқыны сіздер атқаратын жұмыстың сапасына байланысты болмақ, - деді Қазақстан Президенті.
Өз сөзінде дипломатиялық корпустың дуайені, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников барлық дипломат әріптестері атынан бүгін Қазақстан Президенті алдында алғаш рет сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болғаны өзі үшін үлкен құрмет екенін атап өтті.
- Өткен 2012 жылға көз сала отырып, елдің халықаралық беделін нығайтып, барша қазақстандықтарды қуантқан республика өміріндегі маңызды кезеңдер мен оның жетістіктерін атап өтпеуге болмайды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуы Қазақстан табыстарының жарқын айғағына айналды. Әлемдегі күрделі қаржылық-экономикалық жағдайға қарамастан Қазақстан дамуының оң қарқыны айтарлықтай сақталғаны дипломаттарға белгілі шығар. Біздің бәріміз әлемдік саясаттағы Қазақстан – халықаралық даусыз беделге ие жауапты және сенімді серіктес деген Сіздің бағаңызға қосыламыз, - деді Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі.
М.Бочарников дипломаттар «Қазақстан-2050» Стратегиясында баяндалған жаңа міндеттермен таныс екенін атап өтті. Ол Қазақстан әлемдегі ахуал мен жаһандық сын-қатерлердің жай-күйін терең және тыңғылықты талдайтынына, шетелдік мемлекеттермен серіктестікке қатысты басымдықтардың өзгермейтіні және қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беруге сындарлы дайындалу қажеттігі атап өтілгеніне тоқталды.
- Осында отырған дипломатиялық миссиялар басшылары Қазақстандағы дипломатиялық жұмыс аса мазмұнды және қызықты екендігі туралы фактіні қуаттайды деп сенемін. Екі жаққа да маңызды болуы өз алдына, ол өте байсалды қатысушылары бар көптеген халықаралық және ұлттық іс-шараларымен ерекшеленеді, - деді дипломатиялық корпустың дуайені.
Сонымен қатар, М.Бочарников дипломатиялық корпусқа ерекше көңіл бөлінетініне ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы шетел елшіліктері мен өкілдіктерінің Қазақстанның елдермен және республикамыздағы халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамыту жөніндегі белсенді жұмысын атап өтті.
- Біздің «Стратегия-2050» Қазақстанның барлық мүдделі елдермен ынтымақтастығы мен серіктестігі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бәріміз өзара іс-қимылымыз жаңа нақты мазмұнмен толығуына мүдделіміз. Біздің халықтарымыз арасындағы достық пен сенім Еуразияда және жалпы ғаламшарда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосылатын үлеске айналуына мүдделіміз. Сіздер өкілі болып табылатын мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына, мекемелер жетекшілеріне менің ең ізгі тілегімді жеткізуді өтінемін. Біздің халқымызға деген ізгі сезімдеріңіз, біздің атымызға айтылған жылы сөздеріңіз бен мен тілектеріңіз үшін, өткен жылы біз бастан кешірген қиын сәттерде елімізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін барлығыңызға тағы да алғысымды білдіремін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қазақстанның әрбір елмен және халықаралық ұйымдармен екіжақты қатынасының даму қарқыны шетелдік дипломатиялық миссиялар жұмысының белсенділігі мен сапасына байланысты болатынын атап көрсетті.