National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді

2013 жылғы 07 қыркүйек

 

Ақордада өткен келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету перспективаларын қарастырды.

Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, шекаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесу барысында Си Цзиньпиннің тарихи сапарына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.

– Мен Сізді алда келе жатқан мерекемен – Қытай Халық Республикасының құрылған күнімен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап Сіздің еліңізбен арада дамып келе жатқан тату қарым-қатынасымыз біз үшін басымдық болып саналады. Сізбен жүргізген келіссөздеріміз елдеріміздің достығын, халықтарымыз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді мүлде жаңа биікке көтеретініне сенемін, – деді Мемлекет басшысы.      

Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты.

– Мен бұл сапарды көптен армандаған едім, бүгін сол арманым орындалды деуге болады. Әуежайға Өзіңіз келіп қарсы алғаныңызды мақтан етемін. Осы орайда, жылы қабылдауыңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіргім келеді.  Сіздің көрікті қалаңызды кеше бірге аралап көрдік. Біздер сондай-ақ ұлттық сипат пен нақыштағы заманауи ғимараттарды тамашаладық.  Шынында да, он жылдан сәл астам ғана уақытта дала жауһары – жаңа қала тұрғызылды. Мұның бәрі терең символдық мәнге ие, өйткені Астана жас республикаларыңыздың дамуының көрінісі, – деді ҚХР Төрағасы.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдардағы өзара іс-қимылдың маңызды тұстарына қатысты пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында С.Цзиньпиннің сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретініне сенім білдірді.

– Қытаймен ынтымақтастықты дамыту біздің сыртқы саясатымыздың басымдығы екенін тағы бір рет айтқым келеді. Сіздің сапарыңыз  екі елдің  өзара байланысын жақсарту мен тереңдетуді мақсат еткен мемлекеттер басшылары тұрақты кездесулерінің дәстүрлі жалғасы, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдеріміздің үкіметтері, парламенттері, саяси партиялары арасындағы байланыстардың игі үрдіске айналғанын атап өтті.

– Ынтымақтастығымызда бірінші орында экономикалық мәселелер тұр, менің ойымша, бұл салада біз керемет табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде арамыздағы тауар айналымы 26 миллиард доллар, бұл санды біз 40 миллиард долларға жеткізу міндетін алға қойып отырмыз. Оған біздің сарапшыларымыз Сіздің сапарыңыз барысында қол қою үшін дайындаған бірқатар келісімдер септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Си Цзиньпин бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары және Қазақстан Президентімен биылғы екінші ресми кездесуі екенін айтты.

– Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы үшінші онжылдыққа аяқ басқан осы кезеңде Сізбен бірлесіп, соңғы жылдардағы қарым-қатынасымыздың даму нәтижелерін жинақтап, әртүрлі бағыттардағы ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыру үшін міндеттер мен жоспарлар белгілеуге күш-жігер жұмсауға әзірмін. Бұл біздің барлығын қамтитын стратегиялық серіктестігіміздің халықтарымыздың игілігі үшін анағұрлым биік деңгейде тұрақты дамуына септігін тигізеді, – деді ҚХР Төрағасы.  

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің