Елбасы өз сөзінде тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан мен Швейцарияның арасында саяси және экономикалық тығыз қарым-қатынас орнағанына тоқталды.
– Біз Швейцарияның мемлекеттілікті нығайту мен түрлі салаларда саясат жүргізу тәжірибесін үнемі пайдаланамыз. Бұл ел Қазақстанның Еуропадағы төртінші сауда серіктесі саналады. Біздің тауар айналымымыз 4,5 млрд долларды құрайды. Біздер бірқатар халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасаймыз, ХВҚ-ның швейцариялық кіші тобына қатысамыз, бұл екі елдің жақындасуына оң ықпалын тигізуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті швейцариялық компаниялар машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі жобаларына, елімізде жүргізіліп жатқан индустрияландыру аясындағы инфрақұрылымдар құрылысына қатыса алатынын айтты.
– Бүгіннің өзінде республикада 40-тан астам қазақстандық-швейцариялық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұл сапар біздің өзара қарым-қатынастарымызды жандандыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Д.Буркхальтердің ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы екеніне назар аударды.
– Украина қақтығысы мен өзге де оқиғаларды ескерсек, Швейцарияның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы күрделі кезеңге тап келді. Қазақстан бұл Ұйымға 2010 жылы төрағалық етті және сол кезде арнайы Астана декларациясы қабылданды. Біздің еліміздің тиісті тәжірибесі бар және ол кәдеге асады деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Украинада тезірек бейбітшілік пен береке орнауы үшін осы елдегі дағдарыстың жедел шешілуін қалайтын екі елдің халықаралық саясаттағы оқиғаларға қатысты ұстанымдары ұқсас екендігіне тоқталды.
Өз кезегінде Д.Буркхальтер Қазақстанға өзінің Орталық Азияға сапары аясында бірінше рет келіп отырғанын айтты.
– Орталық Азия, әсіресе, Қазақстан біз үшін Еуропа мен Азияның арасындағы дәнекер ретінде маңызды мәнге ие. Біз Қазақстанға сыртқы істер министрліктерінің арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ұмтылысы үшін ризамыз. Сонымен бір мезгілде біз ынтымақтастықтың жаңа, перспективалы салаларын іздеуге зор көңіл бөліп отырмыз, – деді Швейцария Президенті.
Д.Буркхальтер ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде Украинаға қатысты күш-жігерді арттырудың және Минскіде қабылданған шешімдерді нақтылаудың маңыздылығын атап өтті.
– Бізге қалыптасқан ахуалдан диалог пен конституциялық реформалар арқылы шығу үшін екіжақты ғана емес, Ресей, Украина, Еуропалық одақ және басқа да тараптардың қатысуымен көпжақты ынтымақтастық аясындағы шараларды жандандыру керек, – деді Швейцария Президенті.
Д.Буркхальтер келіссөздер барысында ЕҚЫҰ-ның медиация және арағайындық, қақтығыстарды болдырмау салаларындағы жұмыс мәселелері де сөз болғанын айтты.