Елбасы Қазақстан үшін Иран ислам әлеміндегі маңызды әріптес және достас ел екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Иранның ядролық қарусыздану мәселесін шешуге зор үлес қосып отырғанын айтып, санкциялар алынып тасталғаннан кейін бұл елдің экономикасы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев Иран тарапынан жүргізіліп отырған саясат Каспий жағалауында орналасқан барлық елге оң әсер ететіне сенім білдірді. – Сіздің сапарыңыз биылғы сәуір айында Тегеранда басталған келіссөздеріміздің жалғасы болып саналады. Бүгінгі кездесулер де жемісті болады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы екі ел арасында қол қойылған жалпы құны 1 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдер аясындағы жобалардың іске асырылу барысына тоқталды. – Жұмыс жүріп жатыр, дегенмен біз қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек. Алда әлі де көптеген бірлескен жобалар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Иран Президенті өз сөзінде екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі нығайып, дами беретініне сенім білдірді.